
Жаңа жылдық ғажайыптар: Қарағанды облысынан 200 бала Президенттік шыршаға қатысты

Биылғы жылы мерекелік іс-шара бүкіл республика бойынша бір мезгілде өтті.

Жас қонақтар Аяз Ата, Ақшақар және олардың көмекшілерімен бірге көңілді уақыт өткізді.

Ертеңгілікте "Шолпан", "Бозторғай" және "Қуаныш" жергілікті балалар ансамбльдері өнер көрсетті.

– Бүгін шыршаға 9 жастан 13 жасқа дейінгі балалар жиналды. Бұл конкурстардың, олимпиадалардың және спорттық жарыстардың жеңімпаздары, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар. Біз шалғай аудандардан келген балаларға Қарағандыға жету үшін көлік ұйымдастырдық. Негізінен мереке кеше басталды. "Сарыжайлау" кинотеатрында "Теддидің шытырман оқиғалары" мультфильмін көру ұйымдастырылды, – дейді Облыстың білім басқармасының арнайы және қосымша білім беру, тұлғаны адамгершілік-рухани дамыту бөлімінің басшысы Аруна Мұқашева.

ҚР Президентінің атынан балаларды келе жатқан мерекемен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.

– Қымбатты балалар мен ата-аналар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сіздерді Жаңа жылмен құттықтағым келеді. Бүгін бұл өте жақсы мереке болды. Баршаңызға зор денсаулық, бейбітшілік пен амандық, бақытты балалық шақ және бар жақсылықты тілеймін, – деді өңір басшысы.

Абай ауданының Жаңа Қараған ауылынан Мария Липченко шыршаға алғаш рет келді.

– Мен бұрын-соңды мұндай қойылымды көрген емеспін. Керемет аниматорлар, көңілді билер, әртүрлі жарыстар өтті. Барлығы жоғары деңгейде болды. Жаңа жылды барлық балалар отбасымен қарсы алып, бақытты, қуанышты болуын тілеймін, – дейді Мария.

№ 6 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Гаухар Ахмет жаңа жылдық шыршаның жарығына тәнті болды.

– Маған бәрінен бұрын шырша ұнады. Ол өте әдемі безендірілген, содан кейін күтпеген жерден жарқырай түсті. Біз биледік, ойнадық, күлдік. Мен жаңа жылды өте жақсы көремін, өйткені шыршаның астында сыйлық таба аламыз, бәрі қуанады, бір-бірін құттықтайды, – дейді Гаухар.

Балаларға жағымды тосын сый болып сыйлықтар табысталды. Әр балаға Президенттен атаулы құттықтау картасы, Алиса ақылды колонкасы, құлаққап, тәттілер және үш тілде ертегілер кітабы берілді. Іс-шарадан кейін балаларға арналған мерекелік дастархан жайылды.
