
Қарағандыда Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған ХХХVIII халықаралық турнир аяқталды. Қарағанды облысының боксшылары үздік нәтиже көрсетті: әйелдер командасы алтын, ерлер күміс алды.

Рингте Қазақстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия және Кубадан келген боксшылар кездесті. Турнирге алғаш рет Камбоджадан былғары қолғап шеберлері келді. Нәтижесінде 139 спортшы өз шеберліктерін көрсетті.

IBA ережелеріне сәйкес 18 салмақ дәрежесінде жекпе-жек өткізілді.
– Турнир ең жоғары деңгейде ұйымдастырылды, – дейді Қырғызстан командасының жаттықтырушысы Жылдызбек Ниязалиев. – Біз жыл сайын қатысуға тырысамыз. Бұл жолы біздің командада алты спортшы бар. Жарыстан екі күміс және бір қола медаль алып кетіп барамыз. Біз үлкен тәжірибе алдық. Бұл бізге болашақта жақсы нәтиже көрсетуге көмектеседі.

Қарағанды облысының жауынгерлерінің қоржынында алты алтын, үш күміс және алты қола жүлде бар. Жеңімпаздардың бірі Қарағандылық спортшы Жасмин Қизатова болды. Бойжеткен 70 келіге дейінгі санатта алтын жеңіп алды.

– Бұл менің биылғы екінші медалім. Бұған дейін ҚР чемпионатында күміс жүлдеге ие болдым. Ғалым Жарылғаповты еске алу турниріне екінші рет қатысып отырмын. Жекпе-жек алдында әрқашан уайымдаймын. Кеңес берген және қолдаған жаттықтырушыға рахмет. Жеңіс оңай болған жоқ. Бірақ бұл өзіңізді алтын жүлдегер ретінде сезінуді одан да жағымды етеді. Қаңтар айында Азия чемпионатына қатысамын, – деді Жасмин Қизатова.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, турнирді ұйымдастырушылар үздік төрешілерді атап өтті.

Турнирді дене шынықтыру және спорт басқармасы, бокстан ОРБЖСМ және облыстық бокс федерациясы өткізді.

Ғалым Жарылғапов (1939–1984) – Жаңаарқа ауданының тумасы. Қарағанды дене шынықтыру және спорт техникумын басқарды. Қарағанды облыстық атқару комитеті жанындағы дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. Өңірдегі спортты дамытуға, жаттықтырушылар мен спортшыларды даярлауға зор үлес қосты.

Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған алғашқы турнир 1984 жылы желтоқсанда өтті.