Қарағанды облысында тағы бір әлемдік бестселлер қазақ тіліне аударылды

Қарағанды облысында тағы бір әлемдік бестселлер қазақ тіліне аударылды

Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы тағы бір бестселлерді қазақ тіліне аударды – Гарри Грейдің "Бір кездері Америкада".

Аудармашы – журналистика ардагері Рымбала Смаилова.

– Гарри Грей өзінің өмірбаяндық романында ХХ ғасырдың басындағы Америкадағы өмірді шынайы көрсеткен: кедейлік, жалпыға бірдей заңсыздық, қылмыстық топтар. Аударма соншалықты күрделі емес, сюжеттік желісі қызықты, диалогтар көп болды. Мен оны үлкен қызығушылықпен аудардым, – дейді Рымбала Смаилова.

"Бір кездері Америкада" кітабының тұсаукесері "Қасым үйінде" өтті. Алғашқы даналары іс-шара қонақтарына таратылып, Бектұров және Гоголь атындағы кітапханаларға берілді.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы биыл әлемдік әдебиетті қазақ тіліне аудару бойынша арнайы жобаны бастады. Қазірдің өзінде екі кітап аударылды – Марио Пьюзоның "Өкіл әке" және Гарри Грейдің "Бір кездері Америкада".

– Биылғы жылы аударма үшін біз тек екі кітап алдық. Келесі жылдан бастап көбірек аударуды жоспарлап отырмыз. Біздің орталық ересектерді оқытумен айналысады, сондықтан бізде ересектерге арналған кітаптар бар. Болашақта жобамыз сәтті болса, балалар басылымдарын да аудара бастаймыз, – деді Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Алмагүл Игенова.