Оттегімен қанықтыру: Қарағанды облысының су айдындарында балықтардың қырылуына қарсы іс-шаралар жүріп жатыр

Оттегімен қанықтыру: Қарағанды облысының су айдындарында балықтардың қырылуына қарсы іс-шаралар жүріп жатыр

Қарағанды облысында су айдындарын аэрациялау басталды.

Федоров су қоймасында жүзден астам ұңғымалар бұрғыланды.

Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, өңірдің су айдындарында балықтардың қырылуына қарсы іс-шараларға кірісті.

– Балық өлімінің алдын алу үшін жыл сайын су айдындарында шұңқырларды бұрғылау, оларды қамыспен толтыру сияқты бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Облыс бойынша барлығы 201 балық шаруашылығы су айдыны бар. Оның 104-і бекітілген, қалғандары резервтік қорда. Бекітілген су айдындарында аэрация жұмыстарын иелері жүргізеді, ал резервтік жұмыстарды біз қамтимыз, – деді Нұра-Сарысу облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Бекзат Махажанов.

Сондай-ақ, мамандар Абай ауданындағы Қойбас көлі мен Виктория бөгетінде аэрация жұмыстарын жүргізді.

Басқа резервтік балық шаруашылығы су айдындарындағы балықтардың қырылуына қарсы іс-шаралар наурыз айына дейін жалғасады.