
6505 Қарағанды әскери бөлімінің төртінші атқыштар батальоны командирінің орынбасары Азамат Тананов батальон буын офицерлері мен сержанттар арасындағы республикалық байқауда батальон штабының үздік бастығы болып танылды.

Байқау Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының территориясында өтті. Оған әскери бөлімдер мен өңірлік қолбасшылықтарда конкурстық іріктеуден өткен 16 офицер мен 15 әскер сержанты қатысты.

Үш күн ішінде әскери қызметшілер түрлі нормативтер мен электрондық тестілеуден өтті, атыс және дене шынықтыру дайындығын, жалпыәскери жарғыларды, мемлекеттік тілді және басшылық құжаттарды білетіндіктерін көрсетті.

Майор Азамат Тананов байқауға екінші рет қатысып отыр. Өткен жылы офицер үшінші орынға ие болды.
– Мен 2020 жылдан бастап 6505 әскери бөлімінің төртінші атқыштар батальоны штабының бастығы болып жұмыс істеймін. Петропавлдағы ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің жоғары әскери училищесін бітірдім. Жас кезімнен офицер болуды армандадым, – дейді Азамат Тананов. – Байқауда жеңіске жету оңай болған жоқ, өйткені барлық қатысушылар өз аймақтарындағы үздіктердің үздігі. Белсенді жаттығулардың арқасында биыл мен бірінші орынға шықтым.

Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және кубоктармен марапатталды. Оларға ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов наградалар табыс етті.