Қарағанды облысында жер комиссияларының қызметіне сыбайлас жемқорлыққа карсы мониторинг жүргізілді

Қарағанды облысында жер комиссияларының қызметіне сыбайлас жемқорлыққа карсы мониторинг жүргізілді

Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ауыл шаруашылығы жерлерін беру және игеру саласындағы тәуекелдерді анықтау бойынша мониторинг жүргізді. Оның қорытындысы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысында айтылды.

Тәуекелдерді талдау жер комиссияларынан басталды. Сонымен, оның құрамын қалыптастыру кезінде заң бұзу деректері анықталды. Мүдделер қақтығысын болдырмау бөлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама сақталмаған жағдайлар болды. Жер комиссиясы төрағасының конкурсқа қатысатын жеке тұлғамен үлестес болу фактілері анықталды.

Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментінің превенция басқармасының басшысы Бауыржан Хұсайынов жер комиссияларының жұмысындағы нақты бұзушылықтарға тоқталды. Олардың ішінде интернет-ресурстарда шешім хаттамаларының болмауы, заңсыз шешімдерге әкелетін міндеттемелер өлшемшарттары бойынша ұпайлардың дұрыс есептелмеуі.

Өтінімдерді қабылдаудан негізсіз бас тартулар және конкурсты қарауға және қатысуға рұқсат беру кезінде заңсыз артықшылық анықталды. Жеке меншіктегі жерлерді конкурсқа шығару жағдайлары болды.

– Өрескел бұзушылықтардың қатарында отырыстарды міндетті аудио және бейнетіркеу жүзеге асырылмағаны болды. Бұл конкурстарды өткізу рәсімінің ашықтығы мен объективтілігінің жоқтығын көрсетеді, – деді Бауыржан Хұсайынов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті 2023 жылы аудан әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлу және игеру жөніндегі қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуді ұсынды.

Ермағанбет Бөлекпаев бұл шешімді қолдап, жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Жер комиссияларында анықталған бұзушылықтар жұмысты жоспарлау және ұйымдастыру рәсімдеріндегі олқылықтар туралы куәландырады. Аудан әкімдеріне бұл мәселені жеке бақылауға алуды тапсырамын. Жер комиссияларының құрамын қайта қарап, оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіріңіздер, – деп атап өтті өңір басшысы.