
Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана Абай атындағы ОБК-мен бірге "Ертегілер мен әңгімелер сағаты" жобасының алғашқы қорытындысын шығарды. Брайль бедерлі-нүктелі шрифтімен ертегілер жинағы мен аудиокітап шығарылды.
Жыл бойы Абай атындағы балалар кітапханасында отандық және шетелдік жазушылардың белгілі шығармаларын оқу ұйымдастырылды. Қарағанды театрларының актерлері балалардың әңгімелерін таныстырды. Олардың негізінде арнайы кітапхана аудиокітап шығарды.
– Дискіде 10 ертегі бар – бесеуі мемлекеттік тілде, бесеуі орыс тілінде. Театр актерлері, біздің оқытушылар әңгімелер оқыды. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің қызметкерлері аудиокітапты жазуға көмектесті. Толыққанды ертегілер шықты, онда диктордың дауысы ғана емес, сонымен қатар жаңбыр, теңіз және т. б. дыбыстарды ести отырып, көру проблемалары бар балалар бай қиялының арқасында таңғажайып ертегі әлеміне ене алады, – дейді Арнайы кітапхана басшысы Айнұр Шаймұханбетова.
Ертегілер сәбилерге де, орта жастағы балаларға да қызықты болады. Оларды бүкіл отбасымен тыңдаған дұрыс.

Сондай-ақ, барлық 10 ертегі бедерлі-нүктелі Брайль шрифті форматына аударылған. Дискілер мен кітаптар жергілікті кітапханалар мен арнайы мектептер қорына беріледі.
Келесі қадам – аудио ертегілерді оқырмандардың кең ауқымына қол жетімді ету. Келесі жылы олар электронды форматта кітапханалардың сайттары мен әлеуметтік желілерінде орналастырылады. Аудио әңгімелерді QR код арқылы жүктеуге болады.
Жоба Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда.