
Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ө. Жолдасбеков атындағы математика және механикадан ІХ халықаралық зерттеу жобалар байқауы өтті. Зияткерлік жарысты Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің республикалық ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығы өткізді.
Математикалық сайыс ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі және ғылым, техника және білім саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Өмірбек Жолдасбековті еске алуға арналған. Ол дәстүрлі түрде төрт секция бойынша өткізіледі: механика, математика, қолданбалы математика және экономикадағы математикалық әдістер.
Биыл 176 жоғары сынып оқушылары өздерінің ғылыми жобаларын ұсынды, оның ішінде 156-ы Қазақстаннан. Математика ғылымын сүйерлер арасында біздің облысымыздың төрт оқушысы болды. Байқау қорытындысы бойынша қарағандылық «Дарын» ОММИ оқушылары Айбану Жасимова мен Аида Сатаева «қолданбалы математика» секциясында ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, «математика» бөлімінде үшінші орынды Жамбыл атындағы ММИ оқушысы Арайлым Хавхай иеленді.