Теміртауда ең ескі мектептердің бірі қалпына келтірілді

Теміртауда ең ескі мектептердің бірі қалпына келтірілді

Теміртауда апатты деп саналған бұрынғы № 15 гимназия ғимараты қалпына келтірілді.

Күрделі жөндеуден кейін оқу орны қайта қалпына келді.

Енді мектепке 12 нөмірі берілді. Ғимарат ішінен де, сыртынан да түбегейлі өзгерді.

– Мектеп 1953 жылы пайдалануға берілді. Ғимарат апатты деп танылған кезде, балалар басқа мектепке ауыстырылды. Уақыт өте келе оған 15-ші нөмір бекіп қалды Ал біздің мектеп күрделі жөндеуден кейін 12-ші нөмір деп ауыстырылды. Нысанның жобалық қуаты 450 балаға есептелген. Бірақ әзірге біз 13 сынып жинадық – бұл 211 бала, – дейді мектеп директоры Сәуле Қайырбек. – Мектепте барлық инженерлік коммуникациялар жаңасына ауыстырылды, сыныптар анағұрлым ыңғайлы және заманауи бола түсті, жоғары технологиялық стильде жабдықталған.

Сондай-ақ, оқу орнында балаларды сабақтан тыс шығармашылық және жобалық қызметке тарту үшін барлық жағдайлар жасалған.

Жас блогерлер мен болашақ журналистерге арналған заманауи жабдықтары бар телестудия құрылған. Студияда шуды оқшаулау ойластырылған және кәсіби жарықтандыру мен камералар бар.

Сондай-ақ STEM-алаң, медиа орталық, робототехника, Абайтану, хореография, АӘД кабинеттері, екі шеберхана, модификацияланған сыныптар бар. Барлық дерлік кабинеттерде интерактивті панельдер бар.

Сонымен қатар, оқу орнында мүмкіндігі шектеулі балаларға барлық жағдай жасалған.

– Барлығы 23 педагог жұмысқа алдық. Қосымша алты адам жұмыс істейді. Кіре берісте балалар Абайдың қара сөздерін көре алады. Абай залы да бар. Мұның бәрі болашақта Абай Құнанбаев атындағы мектеп болу мақсатымызды көрсетеді, – деп атап өтті директор.

Спорт залының ауданы 257 шаршы метрді құрайды. Акт залы асханамен біріктірілген. Ас блогы да заманауи плиталармен және техникамен жабдықталған.