Қарағандылық оқушы халықаралық пәндік олимпиадада екінші орын алды

Қарағандылық оқушы халықаралық пәндік олимпиадада екінші орын алды

Қарағандылық оқушы физика, биология және химия пәндерінен Халықаралық жасөспірімдер олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандық жасөспірімдердің қоржынында барлығы алты марапат – бір күміс және бес қола.

Физика, биология және химия бойынша халықаралық жасөспірімдер олимпиадасы (IJSO) – 16 жасқа дейінгі оқушыларға арналған жыл сайынғы жеке және командалық жаратылыстану жарысы. Биылғы жылы жарыс 2–12 желтоқсан аралығында Богота қаласында (Колумбия) 60-тан астам елдің қатысуымен өтті. Олардың әрқайсысы алты оқушыдан тұратын команда шығарды.

Қатысушылар тапсырмаларды үш кезеңде орындады: тест, теориялық және эксперименттік. Әрқайсысында үш пән бойынша тапсырмалар ұсынылды.

– Қазақстандық жасөспірімдер халықаралық пәндік олимпиадалардың күнтізбелік жылын лайықты аяқтап, дайындық сапасын тағы да растады. Олар алдыңғы жылдардағы рекордты жаңартты. Мәселен, өткен жылы Дубайда өткен IJSO-да Қазақстан құрама командасы қоржынға үш қола медаль жинаған болатын, – дейді «Дарын» РҒПО директоры Әнуар Ұнайбеков.

Қазақстан құрама командасы республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен жинақталды. Олардың ішінде Қарағанды қаласы Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Мадина Имашева бар. Ол күміс медаль жеңіп алды. Жетекшісі – физика пәнінің мұғалімі Ерсін Әділбаев.

– Мадина – физика пәнінен облыстық олимпиада құрамасының мүшесі. Қазақстан құрамасына кіру – біз үшін үлкен жетістік. Мадинаның әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларда көптеген жетістіктері бар. Бірақ бұл Мадинаның алғашқы халықаралық жарысы және алда көптеген сынақтар бар. Біздің мақсатымыз – IphO Халықаралық физика олимпиадасына қатысу. Теориялық-эксперименттік бөлімде әлі де көп жұмысымыз бар, – деді Н. Нұрмақов атындағы физика пәнінің мұғалімі Ерсін Әділбаев.