
Қарағандылық Амандос Айдосұлы Zhas Project бойынша әлеуметтік жылжымалы шаштараз ашты. Мұндай идея оған құтқарушы болып жұмыс істеген кезде келген.

– Біз қарттар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар немесе мүгедектігі бар адамдар тұратын отбасыларға шақырту бойынша жиі баратынбыз. Мен олардың көпшілігінің шашы өсіп кеткенін жиі байқайтынмын. Ауру мен кәрілік, әрине, ешкімді көрікті етпейді. Сол кезде менде осындай шаштараз ашу идеясы пайда болды. Мен адамдарға көмектескім келді, – деді Амандос.

Өз идеясын жүзеге асыру үшін жас жігіт шаштараз шеберлігін үйренді. Содан кейін бизнес-жоспар құрып, Zhas Project гранттар байқауына қатысуға өтініш берді. Ісін жаңа бастаған кәсіпкер идеясын жүзеге асыруға миллион теңге алды.
– Осы қаражатқа мен жалға бөлме алдым, орындық, шкафы бар айна, қол жуғыш, арнайы қайшылар, триммерлер, шаш кептіргіш және басқа да керек-жарақтар сатып алдым. Балалар үйінде және қарттар үйінде алғашқы клиенттерге қызмет көрсетілді. Мен сондай-ақ мүгедек балаларға жиі барамын, дейді Амандос. – Қазірдің өзінде 105 адамға қызмет көрсеттім. Менің шаштараз қызметтерімнің ерекшелігі – халықтың осал топтарына, мүгедектігі бар адамдарға және аз қамтылған отбасыларға баратынымда. Көбінесе бұл адамдар әртүрлі себептерге байланысты шаштараздарға уақытында бара алмайды.

Ісін жаңадан бастаған кәсіпкер өзінің тұрақты клиенттерін тапты. Әзірге ол тегін жұмыс істейді. Болашақта қолжетімді бағамен қызмет көрсетуге ниетті. Амандос әлеуметтік шаштараздар желісін құруды армандайды.