
Мемлекеттік қолдау Қарағанды облысында кәсіпкерлікті табысты дамыту үшін қажетті жағдайлар жасайды. Мәселен, осы жылдың 11 айында 809 млн теңге сомасына 663 өтеусіз грант берілді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарағанды облысы кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ержанов 2022 жылдың 11 айында шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау құралдары туралы хабарлады.

– Жалпы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бизнесті қаржылай қолдауға биыл 14 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде субсидиялау құралы барлық бөлінген қаражаттың 74 % құрады, 19 % – кредиттерге кепілдік беруге және 7% – бизнес-жобаларды гранттық қаржыландыруға тиесілі. Биылғы жылдың 11 айында жалпы сомасы 32 млрд теңгеге төрт мыңнан астам бизнес жобасы қаржыландырылды, – деді Ерлан Ержанов.
Облыстың барлық өңірлерінде кәсіпкерлік белсенділік артып келеді. Осы жылдың 10 айында 9,6 мың жаңа компания құрылып, 28,5 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте ШОБ жұмыспен қамтылғандар саны бойынша Қарағанды облысы республикада төртінші орында (Алматы, Астана және Түркістан облысынан кейін).
Шағын және орта бизнес өнімдерінің өндірісі 18%-ға артып, бірінші жартыжылдықта шамамен 1 трлн теңгені құрады.
Сондай-ақ, брифингте "Кәсіпкер" кәсіпкерлікті дамытудың жаңа өңірлік бағдарламасы таныстырылды. Моноқалалар мен облыс орталығының ШОБ өкілдері өз ісін дамытуға жеңілдікті кредиттер ала алады. Бағдарламаны іске қосуға 500 млн теңге бөлінді. Бір кәсіпкерге қарыз сомасы жылдық 5 %-бен 50 миллион теңгеден аспайды. Несиелеу мерзімі – 5 жылға дейін.