Бұқар Жырау ауданының кәсіпкері өз жылыжайларында күніне бір тонна қияр жинайды

Бұқар Жырау ауданының кәсіпкері өз жылыжайларында күніне бір тонна қияр жинайды

Күн сайын дерлік NUR-AGRO ЖК басшысы Батыр Дарменов Қарағанды нарығына өз қолымен өсірілген қияр сатады. Тұтынушылар күн сайын жаңа өнім алып отыруы үшін кәсіпкер Бұқар Жырау ауданының Трудовой ауылында екі жылыжай салды.

Батыр Дарменов Өзбекстанда дүниеге келген. 2006 жылы Қарағандыға көшіп келді. "Шығыс" базарында көкөністер мен жемістерді сатушы болып жұмыс істей бастаған. Уақыт өте келе ол өз бизнесін бастау туралы ойлана бастады.

– Мен өз өзіме жұмыс істегім келді. Мен интернеттен жылыжайда көкөністерді қалай өсіруге болатынын меңгере бастадым, достарымнан сұрадым. Менің достарымның Шымкентте жылыжайлары бар. Бірақ, Қарағанды облысындағы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, мен 2018 жылы осы жерде бизнес ашуды шештім, – дейді Батыр Дарменов.

Бастапқыда кәсіпкер 2,25 га жерді жалға алды. Аграрлық несие корпорациясы жобаны қаржыландырды. Ал Батыр жергілікті шаруа қожалығынан қарыз алды. Осылайша жарты гектарға алғашқы жылыжайдың құрылысы басталды. Бизнесін жаңа бастаған кәсіпкер оны тамшылатып суарудың автоматты жүйесімен жабдықтап, екі жылыту қазандығын орнатты.

Өнімге сұраныс жоғары болды, сондықтан Батыр екінші жылыжай салуға шешім қабылдады. Тағы да несие алуға тура келді. Ковидтік шектеулер көптеген қиындықтар әкелді. Бірақ 100 сотық жуық тағы бір жылыжай салынды. Дегенмен ол осы жылдың басында ғана іске қосылды.

– Бүгін мен танто сортының қиярын өсіру үшін гидропоника мен минералды жүнді де қолданамын. Тұқым түрін де кездейсоқ таңдаған жоқпын. Танто – өнімділігі жоғары және дәмі жақсы ерте пісетін гибрид. +5-6 градуста 20 күнге дейін сақталады. Мен ең алдымен адамдар үшін жұмыс істеймін, сондықтан олардың үстеліне жақсы сапалы өнімдер келеді. Мен ештеңені үнемдемеймін – суаруға да, жылыжайларда қажетті климат құруға барынша қаражат жұмсаймын, – дейді көкөніс өсіруші.

Жылыжайлардағы көшеттер жылына екі рет отырғызылады, ал өнім жылына 8–9 ай жиналады. Қыста күніне бір тоннаға дейін қияр жинауға болады. Жылыжайларда маусымға байланысты 20-дан 25 адамға дейін жұмыс істейді.

Өнімнің негізгі бөлігі Қарағандыда көтерме сатып алушыларға сатылады. Бірақ клиенттер Астана, Павлодар, Петропавл қалаларынан келеді.

– Екі жылыжайда жылына 400–450 тоннаға дейін өнім жинауды жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл жолы суық өте ерте түсті, сондықтан не болатынын білмейміз. Ең бастысы – жер бар. Жаңа жылыжайлар мен көшеттерді өсіруге арналған бөлек бөлме салу жоспарлануда. Қызанақ отырғызу идеясы бар, бірақ бәрі қаржыға кеп тіреледі. Әзірге аяғымызға мықтап тұрғымыз келеді, – дейді Батыр Дарменов.