Қарағандылық оқушы информатика бойынша Халықаралық Еуразиялық олимпиадада бірінші орынға ие болды

Қарағандылық оқушы информатика бойынша Халықаралық Еуразиялық олимпиадада бірінші орынға ие болды

Информатика бойынша XIV Халықаралық Еуразиялық олимпиадада қарағандылық он бірінші сынып оқушысы Рамазан Пердебай алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан-Британ техникалық университетінде оқуға грант алды, ал тоғызыншы сынып оқушысы Әлішер Қазтаев күміс жүлдегер атанды. Екі оқушы да Н. Нұрмақов атындағы ММЛИ оқиды. Облыстың халықаралық оқушылар марапаттарының қоржыны 45-ші рет толықтырылды.

Олимпиада Алматыда өтті. Оған Қазақстаннан 36 және Қырғызстаннан, Ресей, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан 14 команда қатысты. Әрқайсысы үш оқушыдан және жетекшіден құралған.

Халықаралық қазылар алқасының шешімі бойынша үш қазақстандық команда 1-ші, алтауы – 2-ші және сегізі – 3-ші орын алды.

Жүлдегерлер қатарында қарағандылық Рамазан Пердебай мен Әлішер Қазтаев бар. Оқушыларды Ертұған Мүслім, Айдар Сейілханов және Бақтияр Рахымжанов дайындады.

– Олимпиада командалық болғандықтан, біздің оқушылар басқа оқушылармен бірге жарысқа қатысты. Рамазан командасында Алматы және Астана РФММ оқушылары болды, ал Әлішер Жезқазған қазақ-түрік лицейінің екі оқушысымен бірге команда құрды. Рамазанның командасы алтын медаль жеңіп алды және оның үш мүшесі де университетте оқуға грант алды. Әрине, мұндай нәтижелер үлкен дайындықты талап етеді, – деп атап өтті Айдар Сейілханов.

Рамазан Пердебай үшін бұл халықаралық олимпиадалардағы жетінші жеңіс. 2019 жылы ол Еуропадағы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ, 2020, 2021, 2022 жылдардағы халықаралық Жәутіков олимпиадасының күміс және қола медальдарының иегері.

«Туймаада» Халықаралық олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. 2021 жылы Информатика бойынша Еуразиялық олимпиаданың күміс жүлдегері атанды, ал биылғы жылы осы жарыстардың алтын медалін және ҚБТУ грантын жеңіп алды.

Әлішер – информатика саласындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпазы. Бұл жолы ол Еуразия олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.

Информатика бойынша Халықаралық Еуразиялық олимпиаданы Қазақстанның білім министрлігі Қазақстан-Британ техникалық университетінің базасында ұйымдастырды.