Балқаштық суретші өз үйін гобелен мұражайына айналдырды

Балқаштық суретші өз үйін гобелен мұражайына айналдырды

Балқашта тұратын 74 жастағы суретші Өміркелді Әбеуовтың шығармашылық қоржынында 60-тан астам авторлық жұмыс бар. Оның үйі нағыз гобелен мұражайына айналды.

Өміркелді Әбеуов – суретші, ағаш және сүйек оюшы, өрнектелген төсеніштер (шым ши) және гобелендер жасау шебері. Ол Балқаш қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, халықаралық, республикалық және облыстық көрмелердің қатысушысы. Оның жұмысы Германия, Румыния, Чехияда қойылған.

Шеберге бір гобелен жасау үшін кейде бірнеше ай қажет. Жұмыс алдымен қағаз бетіне түсіріледі.

– Мен гобелен жасау кезінде бар жанымды саламын. Бұл өте көп уақыт пен табандылықты қажет ететін керемет жұмыс, – дейді суретші. – 30-шы жылдардағы ашаршылық, қатыгез соғыс, Жаңаөзендегі оқиғалар – осының бәрі менің шығармаларымның негізіне айналды. Кейбір композицияларда мен қазақ даласының сұлулығын жеткізуге тырыстым. Өкінішке орай, гобелендер қазір ерекше сұранысқа ие емес.

Өміркелді Әбеуов 1948 жылы Қоңырат кентінде дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін Қоңырат кенішінде, карьердің энергетикалық қызметінде жұмыс істеді. 1972 жылы Н. В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түседі.

– Училищені бітіргеннен кейін Балқашқа оралдым. Қарағанды облыстық көркемсурет шеберханасының Балқаш филиалында суретші-дизайнер болып жұмыс істей бастадым, – дейді шебер. – Бұл өнер маған әкемнен және оның ағаларынан дарыған. Олардың барлығы ағаш өңдеудің нағыз шеберлері болды, қарапайым нәрселерден шедеврлер жасай алды.

Оның алғашқы шығармашылық жұмысы – "Қоңырат туралы ән" гобелені Санкт-Петербургтегі, Мәскеудегі көрмелерде ұсынылған, қазіргі уақытта Алматының республикалық көркемөнер қорында сақтаулы.

Жерлестерге "Жер бетіндегі бейбітшілік үшін" триптихі, "Металлургтер", "Ұядан ұшқанда", "Ереуіл атқа ер салмай", "Пспан астында, жер үстінде" диптихі, ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке арналған "Жаңа дәуір" гобелені және т. б. сияқты шебердің жұмыстары таныс.

Оның шығармалары Балқаштың оқу, медициналық, мәдени мекемелері мен ғимараттарының интерьерін безендіреді. Астана және Қарағанды мұражайларында қойылады.