
Қарағанды облысының параспортшылары ұлттық құрама қатарында Португалияда өткен IWAS Дүниежүзілік ойындарында 26 медаль жеңіп алды.

Арбаға таңылғандар мен мүгедектер арасындағы жарысқа әлемнің 34 елінен 500-ге жуық параспортшы қатысты. Жарыста Қазақстан атынан үш спорт түрінен 27 адам қатысты: пауэрлифтинг, жүзу және жеңіл атлетика. Оның ішінде жетеуі – Қарағанды облысының спортшылары.

Жүзушілер Наталья Звягинцева, Сергей Кинах, Оксана Митякова және Диас Кенжебек команда қоржынына 19 медаль салды. Оның ішінде он үш алтын, бес күміс және бір қола. Олар 100 метрлік фристайлда, арқамен және баттерфляй стилінде жүзуде бақ сынасты.
– Сергей мен Наташа 2013 жылдан бері жаттығып келеді. Ал Оксана 2007 жылдан бастап. Диас салыстырмалы түрде жақында келді. Олар өте лайықты өнер көрсетті. Бірақ біздің облыста 50 метрлік бассейн жоқ. Бұл футболшылар залда ойнап, содан кейін оларды үлкен алаңға шығарғанмен бірдей, – деп есептейді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Наталья Манохина.

Наталья Звягинцева 33 жасынан бастап жүзумен айналысады. Бала кезінде ол жарақат алып, содан бері мүгедектер арбасына таңылды. Бірақ оған қарамастан, Наталья үнемі жаңа мақсаттар қойып, оларға қол жеткізеді.
– Мен халықаралық жарыстарда өнер көрсетемін деп елестете де алмадым. Осы спортқа келген кезде жаттықтырушы маған суда еркін болуды, барлық стильде жүзуді үйретті, өзіме деген сенімділікті арттыруға көмектесті. 2017 жылы Рио-де-Жанейрода әлем чемпионы атандым. Осыдан кейін Азия ойындарында өнер көрсеттім, – дейді спортшы. – Жаттықтырушының жігерлендіруі мен бар күшімді салып, жаттығулар өткізетінім маған жеңіске жетуге көмектеседі. Мен жас спортшыларға ештеңеден қорықпау керек деп айтқым келеді. Бұл өмір, мақсат қойып,оларға жетуге тырысу керек.

Қарағандылық жеңіл атлеттер Дастан Мұқашбеков, Руфат Хабибуллин және Игорь Хлыстов құрама қоржынына жеті медаль алып келді. Олар ату, найза лақтыру, 100 және 800 метрге жүгіру жарыстарында бақ сынасты.

18 жастағы Игорь Хлыстов осы жылдың мамыр айынан бастап жүгірумен айналысады. Дүниежүзілік ойындарда ол 100, 200 және 400 метр қашықтықты енсеріп, екі қола медаль жеңіп алды. Туғаннан бастап жігіттің қолы жоқ.
– Мен қолсыз дүниеге келдім, оларды аяқтарым алмастырды десем болады. Кәдімгі мектепте оқыдым, қазір "Болашақ" колледжінде, дене шынықтыру және спорт факультетінде білім алып жатырмын. Жарыстарда маған біраз қиын болды, өйткені менде бұрын мұндай тәжірибе болмаған, ал жанымда тәжірибелі спортшылар. Бірақ мен барынша тырыстым, – дейді Игорь. – Мен футболмен де айналысамын, Абай командасы үшіе жеті жыл ойнап келем. Мен Абайдың тумасымын. Бірнеше жыл бұрын допты жонглерлеуден екі алтын медаль жеңіп алдым.

Спортшылардың сапарына мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық дайындық орталығы мен дене шынықтыру және спорт басқармасы қаражат бөлді.
IWAS ойындары – мүгедектер арбасына таңылған және аяқ-қолдарынан айрылған мүгедектерге арналған халықаралық спорт. Дүниежүзілік ойындар екі жылда бір өткізіледі. IWAS ұйымына 73 мемлекет кіреді.