Барлығына бірдей мүмкіндіктер: Қарағандыда Халықаралық мүгедектер күні аталып өтілуде

Барлығына бірдей мүмкіндіктер: Қарағандыда Халықаралық мүгедектер күні аталып өтілуде

Қарағанды қаласының Достық үйінде Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында арнайы келген қонақтарға ерекше мереке өтті.

Концерттік қойылымдар құттықтауларға ұласып, ерекше көзге түскендерге марапаттар табысталды.

Іс-шараға Қарағанды облысы әкімінің м.а. Жеңіс Қасымбек пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты.

– Бүгін біз Халықаралық мүгедектер күнін тойлауға жиналдық. Оларға қамқорлық жасау, қолдау көрсету – мемлекет саясатының басым бағыты. Тағдырдың қаншама сынағына қарамастан, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасап, қол ұшын беруге күш-қуат тауып жүрген нағыз батырлар арамызда отыр. Бұл қасиеттер құрметке лайық. Облысымызда 55 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Оларға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілуде, – деді Жеңіс Қасымбек.

– Біздің министрліктің жанынан ақпаратқа қолжетімділік мәселелері бойынша комиссия құрылды. «Ашық үкімет» порталдарында көзі нашар көретін адамдарға арналған дыбыстық функциялар іске қосылды. Мүгедектерді қолдауға бағытталған үш республикалық гранттық жоба жүзеге асырылуда, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау саласындағы үкіметтік емес ұйымдар да жыл сайын сыйлықтың лауреаттары болып табылады, – деді Дархан Қыдырәлі.

Белсенді азаматтық ұстанымы және мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелеріне көңіл бөлгені үшін үш қарағандылық Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамотасымен, тағы алтауы Қарағанды облысы әкімінің м. а. алғыс хаттарымен марапатталды.

Марапатталғандар қатарында «Қазақстандық саңыраулар қоғамы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Нина Босс та бар.

– Осы марапат үшін алғыс айтқым келеді. Биыл қоғамымыз 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Еңбегіміздің бағаланып, біздің қажет болғанымыз, сұранысқа ие болғанымыз қандай жақсы. Қарағанды облысында есту қабілеті бұзылған 2600 адам бар, олардың барлығы біздің назарымыз бен қамқорлығымызды қажет етеді, – дейді Нина Босс.

Сондай-ақ облыс тұрғындарының жоғары кәсіби шеберлігі, адамдарға деген сезімталдығы, өз міндеттерін адал атқаруы да бағаланды. «Үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға қосқан үлесі» номинациясы бойынша «Лучик надежды» қоғамдық қорының жетекшісі Татьяна Кравченко үздік атанды.

«Үздік қала/аудан әкімінің мүгедектер мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі» Қарағанды қаласы әкімінің кеңесшісі Әсел Бекбаева болып танылды.

«Болашағы зор жас үкіметтік емес ұйым» номинациясы бойынша Batyl Jureq қоғамдық қоры марапатталды.

Параби бойынша халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Айгүл Балмағамбетова «Үздік спортшы» номинациясы бойынша марапатталды.

«Үздік жұмыс беруші» аталымында «Қолғанат Қарағанды» ЖШС жеңімпаз атанды.

– Біздің компания тігін өінмдерін өндірумен айналысады, және де жиһаз шығарамыз. Бізде 50-ден астам адам жұмыс істейді. Оның жартысынан көбі мүмкіндігі шектеулі жандар. Біздің басты мақсатымыз пайда табу емес, мүмкіндігінше ерекше қажеттіліктері бар қарағандылықтарды жұмыспен қамту. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастырудан қорқудың қажеті жоқ, олар толыққанды жұмысшылар, оларға сәл ғана көңіл бөлу керек, – дейді «Қолғанат Қарағанды» ЖШС өкілі Марғұлан Бекмағамбетов.

Шара барысында ерекше қажеттіліктері бар әртістердің қойылымдары жиналғандарға жақсы көңіл-күй мен жағымды эмоциялар сыйлады.

Достық үйінің фойесінде облыстың аудан, қалаларының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері көрмелер ұйымдастырды.

Бүгінде көптеген қарағандылықтар денсаулығының шектелуіне қарамастан, өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық өміріне белсенді түрде қатысуда, еңбек етуде.

Облыста 70 мекеме арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Мемлекеттік тапсырыс аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдауға бағытталған сегіз жоба жүзеге асырылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына 1618 адам жүгініп, оның 79 пайызы жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ 90 адам өз ісін ашуға грант алды. Биыл 80 кәсіпорын анықталды, оларда 14369 ерекше қажеттіліктері бар адам жұмыс істейді.