
Қарағандыда 15 қараша, Батырлар күнінде басталған «Батырлар мұрасы» онкүндігі аяқталды. Қаламызда бұл күн Qazaq club бастамасымен «Қазақ күнтізбесі» жобасы бойынша 2019 жылдан бері тойланып келеді.

Онкүндіктің қорытынды шараларының бірі қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымның 220 жылдығына, Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығына, Ақжолтай Ағыбай батырдың 220 жылдығына және Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуына орай ІІІ қалалық ғылыми-танымдық конференциясы болды.

«Конференция жастар арасында батырлар институтын, олардың қазақ мемлекеттілігін сақтаудағы сіңірген еңбегін кеңінен насихаттауға бағытталған. Биыл бұл шараға Қарағанды облысының әкімдігі де қолдау көрсетті», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Конференцияның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі Қанат Әбілхан жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде мұндай шаралардың маңызы жоғары екенін атап өтті. Ол студенттерге батырлардың қазақ қоғамындағы орны туралы айтып берді.

Политехникалық колледж студенттері Мәжит Ербосын Есет батыр Көкіұлы туралы баяндама жасады. Ол батырдың басқыншылармен күресі туралы айтты.

Тағы бір студент Самат Алмас «Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудегі Кенесары ханның рөлі» атты баяндама дайындап, сол дәуірдегі тарихи оқиғаларды жан-жақты баяндап берді.

Сондай-ақ конференцияда Ақжолтай Ағыбай батыр туралы, Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы баяндамалар тыңдалды.

Шара соңында белсенді жастар мен ардагерлерге 2020 жылы батырлар институтын және Қазақстанның әскери тарихын насихаттау мақсатында шығарылған «Жауынгерлік даңқ» ленталары табыс етілді.