Сөз өнері: қарағандылықтар республикалық шығармашылық байқаудың жүлдегерлері атанды

Сөз өнері: қарағандылықтар республикалық шығармашылық байқаудың жүлдегерлері атанды

Қарағандылық оқушылар Астанада өткен "Ақберен" республикалық шығармашылық байқауында екінші және үшінші орындарға ие болды. Жарысқа 8—11 сынып оқушыларынан құралған 1800-ден астам бала қатысты.

Оқушылар шешендік өнерде, эссе жазуда, халық аспаптарын меңгеруде, поэзия байқауында бақ сынасты, өз білімдерін көрсетті, суырыпсалма ақындар рөлінде өнер көрсетті.

"Ақберен" республикалық өнер байқауы биыл тоғызыншы рет өткізілді.

— "Ақберен" еліміздің ең шығармашыл, талантты балаларын біріктіреді. Қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Егер 2021 жылы байқауға 94 оқушы қатысса, биылғы жылы 130 оқушы республикалық кезеңге өтті, — деп атап өтті оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.

Жеңімпаздар арасында қарағандылық оқушылар да бар. "Шешендік өнер" номинациясы бойынша екінші орынды Қарағанды қаласы Абай атындағы мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Еркежан Қаныш иеленді.

— Екі ай бойы дайындалдық. Біздің номинациямыз ең қиын болды деп айтуға болады, өйткені біз Майқы биден бастап бүгінгі күнге дейін шешендік өнерді зерттедік. Тек шығармаларды үйреніп қана қоймай, жүзден астам танымал би-шешендердің өмірі мен шығармашылығы туралы білуге тырыстық. Біздің номинацияға 20-ға жуық бала қатысып, Еркежан Қаныш екінші орынға ие болды, — деді Абай атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанкелді Кенжебайұлы.

"Көркем сөз" санатында Қарағанды қаласының № 61 жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Нұрғасыр Изат үшінші болды.

Еліміздің әр өңірінен барлығы 36 оқушы өнер байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.