Қарағанды облысының спортшылары тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатының жүлдегерлері атанды

Қарағанды облысының спортшылары тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатының жүлдегерлері атанды

Тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасына кіретін Қарағанды облысының спортшылары VI Әлем чемпионатында күміс және қола жүлдеге ие болды. Ақтөбеде өткен жарысқа 20 елден (Үндістан, Түркия, АҚШ, Чехия, Латвия, Бангладеш, Румыния, Германия, Ұлыбритания, Колумбия, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия және т. б.) 100-ден астам спортшы қатысты.

Жарыс үш классификация бойынша өткізілді: рапид, блиц және классика.

Жүлдегерлер қатарында Шет ауданның ағалы-қарындасты Асылхан мен Аңсаған Қожанәсіп бар. Олар сәйкесінше екінші (рапид) және үшінші (классикалық) орындарды иеленді.

Асылхан тоғызқұмалақпен 14 жыл, ал оның қарындасы Аңсаған 12 жыл айналысады. Олардың алғашқы жаттықтырушысы Балтабай Қасқабаев болды, қазір ол зейнеткерлік демалыста.

– Әлем чемпионатына екеуміз де бірінші рет қатысып отырмыз. Қарағанды облысының командасында біз үшеуміз және бәріміз Шет ауданынан болдық. Мен күміс, ал қарындасым қола медаль жеңіп алдық. Қарындасым – екі дүркін Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ал мен өткен жылы Азияда екінші болдым. Бұл жолы халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің нормасын орындадым. Қарындасым екеуміз Ақадырдағы балалар мен жасөспірімдер мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейміз. Біз балаларды бірінші сыныптан бастап, олар санауды үйренген кезде қабылдаймыз. Қарындасым екеумізден басқа тағы бір тәлімгер бар, үшеуміз 100-ден астам баланы жаттықтырамыз, – деді Асылхан.

Әлем чемпионатында Қазақстан атынан 12 спортшы қатысты.