
ШиПазлдар, ұлттық әшекейлер, этникалық стильдегі свитшоттар мен капюшонды жемпірлер – «Қазақ аналары – дәстүрге жол» ҚБ Қарағанды облыстық филиалы Нanshaym әйелдерді дамыту клубымен бірлесіп жәрмеңке-party өткізді.

Іс-шара табысты болуға ұмтылған әйелдердің басын біріктірді.

Жәрмеңкеде қолдан жасалған бұйымдар, ұлттық нақышты бейнелейтін шарфтар ұсынылды, «Киелі кимешек» көрсетілімі және «Киіз басу» презентациясы ұйымдастырылды.

«Қазақ аналары – дәстүрге жол» ҚБ Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Меруерт Әлімбаеваның айтуынша, алдымен олардың ұйымы психологиялық көмек көрсеткен, мамандар отбасылық тәрбие және стрессті жеңу жолдары бойынша тренингтер өткізді.

Кейін топтар ұйымдастырылып, әйелдерге қолөнер және сұранысқа ие кәсіптердің негіздерін үйрете бастады.

– Біздің жәрмеңкенің басқалардан айырмашылығы – бұл тек тауарларды сату ғана емес, сонымен қатар қызметтерді сату. Біз Нanshaym әйелдерді дамыту клубын құрдық, онда біз үш ай бойы қыздар мен әйелдерге қолөнер, тамақ дайындауды үйретіп келеміз. Сондай-ақ бізде бет күтімі, шаштараз, маникюр және педикюр курстары бар. Басты мақсат – үйде отырған қыздар мен әйелдерді жарыққа шығару, оларға сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік беру. Үш айда 25 пен 40 жас аралығындағы 90-нан астам ісмер келіншектер жиналды. Сондай-ақ, егде жастағы әйелдер тобы бар, – дейді Меруерт Әлімбаева. – Іс-шараға біз кәсіпкерлерді де шақырдық, сондықтан біздің қыздар тәжірибе жинап, өз ісін дамыта алады. Енді әр үш ай сайын осындай жәрмеңкелер өткізуді жоспарлап отырмыз.

Жәрмеңкеде жас кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырды.

– QazynaSchool мектебін ашқанымызға бір жылдан асты. Бізде балалар да, ересектер де айналысады. Біз ұлттық қолөнерді насихаттауға, оған балалардың қызығушылығын оятуға тырысамыз. Мектепте біз ою оюды, тоқуды, кесте тігуді, киіз басуды, ши тоқуды және т.б. үйретеміз, 15 бала үнемі айналысады, ересектер де бар. Ең үлкені 64 жаста. Ол кісі өмір бойы кеңседе жұмыс істеген, енді қолөнерге қызығушылық танытты. Біз 8 жастан асқан балаларды қабылдаймыз, – дейді QazynaSchool негізін қалаушы Дәмелі Ермекова.

Жәрмеңкеге келушілердің назарын QazynaSchool дайындайтын «ШиПазл» жиынтығы аударды. Әзірге ши тоқу үшін төрт сурет бар: жылқы, түйе, тау ешкісі және қызғалдақ. Қорапта QR коды көрсетілген екі тілде нұсқаулық бар. 6 жастан асқан балаларға ұсынылады.
Астанадан келген қонақтар Аinel Amandos брендімен ұлттық талғамдағы орамалдар мен свитшоттарды ұсынды.

– Ақтөбеден келген Айнел Амандос осы жылдың наурыз айында өз ісін ашты. Оның бизнес идеясы ұлының дүниеге келуіне орай тойбастарға сыйлық іздеген кезде пайда болды. Жәрмеңкеде біз түпнұсқа орамалдар, шарфтар, футболкалар мен жейделерді ұсындық. Олардың барлығы ұлттық дәстүрлерді көрсетеді. Сондай-ақ, біздің өнімдер шетелде өте танымал – оны шетелдіктер кәдесый ретінде сатып алады, – деп бөлісті Астанадағы Аinel Amabdos маркасының өкілі Анар Кәрімова.

Сондай-ақ, жәрмеңкеде шеберлік сыныптары, «Қазақшаң қалай?» конкурс ойыны, кәсіби макияж, суретке түсіру, хна – мехенди сурет салу негіздерін көрсетті.
