Қарағандылық балуандар джиу-джитсудан халықаралық фестиваль мен әлем чемпионатында 45 медаль жеңіп алды

Қарағандылық балуандар джиу-джитсудан халықаралық фестиваль мен әлем чемпионатында 45 медаль жеңіп алды

Қарағанды облысының балуандары бразилиялық джиу-джитсудан халықаралық фестиваль мен әлем чемпионатында марапаттар саны бойынша рекорд орнатты.

Біздің спортшылардың қоржынында 31 алтын, тоғыз күміс және бес қола медаль бар.

Н. Әбдіров атындағы спорт сарайында БАӘ астанасы Әбу-Дабиде өткен жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды.

– Қарағанды облысының тарихында бұл біздің спортшылар бірден көптеген алтын медаль жеңіп алған алғашқы жағдай. Бірақ жарысқа дайындық өте мықты болды, балалар жеңіске дайын болды. Әлемнің барлық дерлік елдерінің балуандары қатысты. Жекпе-жектер 11 кілемнің үстінде өтті. Біздің ең кішкентай спортшыларымыз да кем дегенде 2–3 жекпе-жек өткізді, – дейді Қарағанды облысы джиу-джитсу федерациясының президенті Аян Шермағамбетов.

Осындай маңызды жарыстарға қатысқан ең жас спортшы небәрі 5 жаста. Жас болғанына қарамастан, Николай Шкуропат күміс жүлдегер атанды. Оның әпкесі Варвара алтын, ал ағасы Иоанн мен әпкесі Матрона күміс медаль жеңіп алды. Ата-аналары да есе жібермейді. Отағасы Вячеслав Шкуропат күміс жүлдегер атанды.

– Біз бүкіл отбасымызбен джиу-джитсуға құмармыз. Бәрі Иоаннан басталды, содан кейін мен де қызыға бастадым, – дейді Варвара. – Бұл қызықты және жарақатсыз спорт. Біздің бүкіл үлкен отбасымыздың жүрегін жаулады деп айта аламыз. Біздің анамыз джиу-джитсудан Азия чемпионы, бұл жолы ол өнер көрсеткен жоқ. Кішкентай сіңліміз бар, ол әлі 2 жаста. Өсен соң, ол да бізбен бірге жаттығады.

Сондай-ақ, Қарағанды облысында бразилиялық джиу-джитсудан алғашқы қара белбеу иегерлері пайда болды.

Әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін профессор Виктор Мораес қарағандылық спортшылар мен жаттықтырушылар Марат Құтжанов пен Олжас Нұртақановты аттестаттаудан өткізді. Балуандар емтиханды сәтті тапсырып, осы спорттық жекпе-жекте жоғары жетістікке қол жеткізді.

– Бразилиялық профессор Виктор Мораеспен үш ай жаттығу өтті. Олжас екеуміздің нәтижелерімізді бағалай отырып, қара белбеу табыс етті. Мен 2012 жылдан бері жаттығамын. Енді қара белбеу маған оқушыларды өз бетінше сертификаттауға мүмкіндік береді. Бұрын мамандарды шақыру керек болатын. Енді балалар джиу-джитсумен айналысуға ынталы болады, – дейді Mario Bros клубының негізін қалаушы Марат Құтжанов.

Соңғы екі жылда Қарағанды облысында джиу-джитсу бойынша 11 секция ашылды. 

Барлық жастағы мыңнан астам адам сабаққа барады.

– Спортшылардың өсуі, олардың дамуы үшін көптеген жарыстар өткізіледі. Желтоқсан айына бірнеше жарыс жоспарланған. 10–11 желтоқсанда ересек спортшылар ҚР чемпионатына кубокқа, келесі жылға іріктеуге қатысады. Балалар үшін 1–2 желтоқсанда Алматыда, ал 3–4 желтоқсанда Астанада турнир өтеді. 2023 жылдың қаңтар айының соңында Қарағандыда жыл сайынғы Karaganda BJJ Open турнирі өтеді, – деді Аян Шермағамбетов.