
Astana Piano Passion республикалық жас пианистер байқауында Қарағанды облысының екі музыканты жүлделі орындарға ие болды.

Орта топта Теміртау қаласының № 2 музыка мектебінің оқушысы Александр Волокитин жеңімпаз атанды, Балқаш өнер мектебінің тәрбиеленушісі Айдар Шайхов осы жас санатында екінші болды.

Байқауға 7 жастан 17 жасқа дейінгі жас таланттар қатысты. Іріктеу турлары еліміздің барлық өңірлерінде өтті. 500-ден астам бала тыңдалды. Жартылай финалға 59 бастаушы музыкант өтті. Үздіктерді қазылар алқасы анықтады, оған Қазақстанның көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ фортепиано өнері саласындағы халықаралық байқаулардың лауреаттары кірді. Қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар мен ақшалай сертификаттар алды.

Александр Волокитин 12 жаста, оның 6 жылын музыкаға арнаған. Бірнеше рет түрлі конкурстардың жеңімпазы атанды.

Алғаш рет 9 жасында облыстық "Жас музыкант" байқауында өнер көрсетіп, бірінші орын иеленген.

– Сашаның қатысқан және жеңген жарыстардың тізімі зор. Астанадағы байқау оның мүмкіндіктерін тағы бір мәрте көрсетті. Ондағы жеңіс Сашаға өзіне деген сенімділік пен одан да көп оқуға деген ұмтылыс береді. Айта кету керек, Astana Piano Passion өткен жылы өткізілуі тиіс болатын, пандемияға байланысты барлығы кейінге шегерілді. Бірақ біз бұл байқау болады деп үміттендік, сондықтан оған дайындалдық. Жалпы, Қазақстанда өте мықты фортепиано мектебі бар. Астана мен Алматыда мамандандырылған мектептер бар. Байқауда елеулі бәсекелестік болды, күрделі музыкалық шығармалар орындалды, – дейді оқытушы Светлана Корнева.

Екінші орын алған Балқаштан келген он үш жасар пианист Айдар Шайхов конкурсқа шұғыл дайындалуға мәжбүр болды. Оның оқытушысы Гүлнара Пактың айтуынша, олар Astana Piano Passion туралы қыркүйек айының соңында ғана білген.

– Конкурсқа қысқа мерзімде жетіден астам шығарма дайындау қажет болды, және де Айдар ол шартты орындай алды. Ол бірінші сыныптан бастап музыкаға қызығушылық таныта бастады. Көптеген байқауларға қатысып, жеңіске жетті. Оның болашағы зор. Нәтижелер жарияланғанға дейін де Айдарға Алматыдағы мамандандырылған музыкалық интернаттарда оқу ұсынылды. Шешімді оның ата-анасы қабылдайды енді, – дейді Гүлнара Пак.
