Қарағанды облысында псориазбен ауыратын науқастарды емдеуге 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінді

Қарағанды облысында псориазбен ауыратын науқастарды емдеуге 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінді

Қарағанды облысында 140 адам псориазбен тегін емделеді. Медициналық сақтандыру қоры емнің ақысын төлеуге 200 млн теңгеден астам қаражат бөлді.

Бұл созылмалы тері ауруы, дененің әрбір аймақтарында жаралар және қабыршақтар пайда болады. Ауру буындарға әсер етуі мүмкін, тіпті мүгедектікке әкелуі де мүмкін. 140 пациенттің 80-де бұл дерт ауыр түрде өтіп жатыр. Олар инъекция жасайтын қымбат емдеуді қажет етеді.

61 жастағы қарағандылыққа 2016 жылы псориаз диагнозы қойылды. Содан бері ол үнемі дәрі-дәрмектерді қабылдап, ауруханада бірнеше рет емделді. Алайда ауру өрши берген. Псориаз науқастың денесінің әр жерінен шығып, мазасын алған. Биыл бұл пациентке инъекция тағайындалды.

– Маған екі ампула егілді, олардың арасындағы алшақтық шамамен бір ай болды, келесі инъекция 3 айдан кейін жасалады. Әсері бар, біраз жеңілдеп қалдым. Денемдегі жаралар жазылып кетеді деп үміттенемін, – дейді науқас.

Препараттың бір ампуласының құны 1 миллион теңгеден асады. Болашақта науқастың жағдайы жақсарған кезде емдеу тәсілі өзгеруі мүмкін.

– Барлық сақтандырылған пациенттер емханада берілетін рецепт бойынша дәрі-дәрмекті тегін алады, – дейді №1 көпсалалы аурухананың терапевті Назгүл Тұрғымбек. – Псориазды емдеу ауырлығына қарай амбулаториялық негізде, күндізгі немесе тәулік бойғы стационарда жүргізіледі. Аурумен күресте медициналық және физиотерапиялық емдеу қолданылады, ол МӘМС шеңберінде тегін жүргізіледі.

Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының ақпараты бойынша