Қарағанды облысындағы сайлау барысы

Қарағанды облысындағы сайлау барысы

Дауыс беру Қарағанды облысында штаттық режимде өтіп жатыр. Аумақтық комиссияның мәліметіне сай, 20 қарашада сағат 12:05-тегі жағдай бойынша бюллетеньдерді тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санынан 44,99 % алды.

Учаскелерде коммерциялық емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерден тәуелсіз бақылаушылар кезекшілік етеді.

Amanat партиясының бақылаушысы Алмагүл Сақымбаева сайлауды Қаныш Сәтбаев атындағы гимназияда орналасқан № 11 дауыс беру учаскесін бақылайды.

– Дауыс беру штаттық түрде өтіп жатыр. Таңертеңгі жетіде учаскенің ашылуына бес адам келді. Сайлаушылардан ешқандай сұрақ туындаған жоқ, барлығы сайлау туралы біледі. Адамдар мейірімді, жақсы көңіл-күймен келеді, – дейді Алмагүл Сақымбаева.

№ 11 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Бейбіт Нұрмұхановтың айтуынша, сайлаушылар үшін барлық жағдай жасалған, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де жағдай жасалған.

– Біздің учаскеде 1784 адам тіркелген. Сағат 12:00-де 656 адам дауыс берді. Денсаулыққа байланысты үйде дауыс бергісі келетін сайлаушылардан алты өтініш түсті. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық қажетті заттармен жабдықталған жеке кабинка бар, – деді Бейбіт Нұрмұханов.

87 жастағы қарағандылық Любовь Әзімова № 11 сайлау учаскесіне көршісімен келді.

– Мен ешқашан елім үшін маңызды оқиғалардан тыс қалмағанмын. Бүгін сайлауға келдім, өйткені мен Қазақстанның гүлденген ел болғанын қалаймын. Менің екі ұлым және төрт немерем бар, өзім үшін де, олар үшін де, барлық отандастар үшін де тұрақтылыққа дауыс беремін.  Барлық жанашыр қазақстандықтар өз таңдауын жасауы тиіс, – деп есептейді Любовь Асимова. 

№ 795 сайлау учаскесінде ақын Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Абай атындағы Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы дауыс берді.

– Бүгін тарихи сәт: Қазақстан халқы өз таңдауын жасап жатыр. Мен өз елімнің болашағы үшін дауыс беремін. Мен дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын. Ертеңнен бастап бәрі жақсы жаққа өзгере бастайды деп сенемін, – дейді Серік Ақсұңқарұлы.

№ 795 сайлау учаскесінде 2885 сайлаушы тіркелген.

– Ең егде сайлаушымыз – 85 жаста. 18 жасқа толған алғаш рет дауыс берушілер – 64 адам. Үйден бір өтініш бар. Дауыс беру штаттық режимде өтуде, бұл үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, – деп атап өтті № 795 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Динара Мұсаева.

Жас жұбайлар Алтынбек Кәрібай мен Гүлбаршын Әлімжанова АХАЖ-ға тіркелгеннен кейін бірден өз таңдауын жасауға шешім қабылдаған. Олар елдің болашағы олардың да дауыстарына байланысты екеніне сенімді. Ерлі-зайыптылар № 82 сайлау учаскесінде дауыс берді.

– Бүгін біз өз таңдауымызды жасадық және ол еліміздің болашағын анықтайды деп үміттенеміз. Оң өзгерістерді күтеміз, – деді отағасы Алтынбек Кәрібай. – Біз неке қиғаннан кейін бірден келдік, өйткені бүгінде әрбір дауыс маңызды екеніне сенімдіміз.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысында дауыс беруге арналған 642 учаске бар. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, 770 мыңға жуық сайлаушы тіркелген.