Қарағанды облысының 642 учаскесінде Қазақстан Президентін сайлау басталды

Қарағанды облысының 642 учаскесінде Қазақстан Президентін сайлау басталды

Қарағанды облысында таңғы сағат жетіде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу бойынша учаскелер ашылды. Өңірде олардың саны 642. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, 770 мыңға жуық сайлаушы тіркелген. Оның ішінде алғаш рет дауыс бергендер – 6890 және 1841 адам 90 жастан асқан.

Алғашқы сайлаушылар қазірдің өзінде учаскелерге келіп, азаматтық саналылығын көрсетіп, өз таңдауын жасады.

Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан Қарағанды қаласының № 17 учаскесінде 2210 сайлаушылар тіркелді.

Мұнда бірінші болып 26 жастағы Адэлина Өміртай дауыс берді.

– Менің ойымша, бүгінде әрбір қазақстандық өзінің сайлау құқығын іске асыруы тиіс. Барлығын тағдырдың еркіне сеніп, қол сілтей салмаңыздар. Егер мұндай мүмкіндік болса, болашағымызды өзіміз анықтауымыз керек, – дейді қарағандылық.

Дауыс беру процесін коммерциялық емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің тәуелсіз бақылаушылары қадағалайды.

Естеріңізге сала кетейік, Жарлықпен Президенттің кезектен тыс сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындалды. ОСК президенттікке алты кандидатты тіркеді. Мемлекет басшысы жеті жылдық мерзімге бір рет сайланады.