Қарағандылық спортшылар грек-рим күресінен республикалық турнирде 25 медаль жеңіп алды

Қарағандылық спортшылар грек-рим күресінен республикалық турнирде 25 медаль жеңіп алды

Қарағандыда ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Лепеханы еске алуға арналған грек-рим күресінен сегізінші рет республикалық турнир өтті. Қарағанды облысының спортшылары жарыс қонақтарымен жақсы өнер көрсетіп, 25 медаль жеңіп алды.

Турнирге Астана, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Ұлытау және Қарағанды облыстарынан 150-ден астам палуан қатысты. 2008–2009 жылы туған ұлдар жүлделі орындарды сарапқа салды.

– Мен мұндай чемпионаттарға үлкен қуанышпен қатысатынмын. Мұндай жарыстар жас спортшылардың шеберліктерін шыңдап, күрестен тәжірибе жинақтап, өзге өңірлерден келген қарсыластарымен араласуы үшін өте маңызды әрі қажет. Қазақстанда мұндай турнирлер өте аз, спортшы қаншалықты жиі жарысса, соғұрлым оның физикалық пішіні жақсарады, шеберлігі артады. Тынымсыз талпыныс жасап, уайымдап жүрген жігіттерге қарап, өскелең ұрпақтың артып келе жатқанына қуанамын, – дейді турнир қонағы, қарағандылық грек-рим күресі балуаны Ерұлан Ысқақов. Қазақстан және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы енді 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін бар күш-жігерін салуда.

Турнир қорытындысы бойынша Қарағанды құрамасының қоржынында 25 медаль бар: 5 алтын, 6 күміс және 14 қола. 

Марапаттау рәсіміне Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиев қатысты.

Даңқты боксшының қолынан арнайы сыйлықты – электроскутерді Ә. Молдағұлова атындағы ООРММИК оқушысы Дияр Буран алды.

Владимир Лепеха – классикалық және еркін күрестен КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Ол қазақстандық және қарағандылық спорттың дамуына орасан зор үлес қосты, атақты спортшылардың бірнеше дәуірін тәрбиеледі.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметі бойынша