Қарағанды облысының үш мұғалімі республика бойынша үздік деп танылды

Қарағанды облысының үш мұғалімі республика бойынша үздік деп танылды

Қарағандылық ұстаздардың сайыста "Үздік педагог – 2022" атағын иеленгені белгілі болды. Жеңімпаздардың есімдерін облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова Facebook парақшасында мәлім етті.

"Үздік педагог" атағын беруге арналған республикалық байқау аяқталды. Байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен білім беру ұйымдарының педагогтары қатысты. Биыл алғаш рет конкурстың барлық кезеңдері – қатысушыларды тіркеуден бастап республикалық кезеңнің қорытындысын шығаруға дейін – Ақпараттық жүйелер арқылы веб-порталда жүзеге асырылды, толық цифрландырылды. Байқаудың тағы бір маңызды ерекшелігі: республикалық турдың II кезеңінде біздің мұғалімдер Астана қаласының мектептерінде сабақ өткізіп, өздерінің кәсіби шеберліктерін тағы да растады", – деп атап өтті Гүлсім Қожахметова.

Ол аймақ намысын қорғаған жеңімпаздарды құттықтады.

Республиканың үздік педагогтары:

Нұрсұлтан Ахметов – № 1 білім-инновация лицей-интернатының информатика пәнінің мұғалімі;

Елена Свердлова – Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінің математика оқытушысы;

Мөлдір Әлжанова – М. Жұмабаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Білім министрлігінің мәліметінше, биылғы жылы "Үздік педагог" атағына 123 үміткер болған. Оларды конкурсқа 5,5 мың қатысушының ішінен іріктеп алды. Нәтижесінде 64 жеңімпаз іріктелді. Олардың барлығы 3 млн теңгеден (1000 АЕК) сыйлықақы, сондай-ақ куәлік пен төсбелгі алады.

"Үздік педагог" республикалық байқауы Қазақстанда 2012 жылдан бері өткізіліп келеді.