
Қызыл Жарты Ай қоғамының Қарағанды филиалының қызметкерлері мен еріктілері пойыз вагондарының рельстен шығып кетуіне байланысты жолда кідірген жолаушыларға ыстық шай мен бутербродтар берді.

17 қараша күні таңертең Қарағанды облысында 14 жүк вагоны рельстен шығып кетті. Оқиға Қарағанды – Сұрыптау – Ақадыр учаскесінің 767 Қарабас-ОП аралығында болған. Осыған байланысты жеті жолаушылар пойызы тоқтатылды. Адамдар Қарағанды мен Астанаға арнайы ұйымдастырылған автобустармен эвакуацияланды.

– ТЖ департаменті бізге кешкі сағат алты шамасында штаттан тыс жағдай туралы хабарлады. Біз жедел түрде штаб құрдық. 36 ерікті жиналды, олардың ішінде біздің тұрақты қызметкерлер мен көмекшілер бар. Сондай-ақ, жоғары тау-кен политехникалық колледжінің педагогтары мен студенттері келді. Біз 400-ден астам сэндвич дайындадық, шай қайнаттық. Су, тәттілер, бір рет қолданылатын ыдыстар мен санитарлық-гигиеналық керек-жарақтарды алып, вокзалға аттандық, – деді Қызыл Жарты Ай қоғамының Қарағанды облыстық филиалының басшысы Татьяна Абрамова.

Эвакуацияланғандар жылы вагондарға орналастырылды. Көмекпен 426 жолаушы қамтылды.
