Қарағанды кітапханасы "Жеңіс қаһармандары" халықаралық интернет-байқауының қорытындысын шығарды

Қарағанды кітапханасы "Жеңіс қаһармандары" халықаралық интернет-байқауының қорытындысын шығарды

Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың, "Халық қаһарманы" атағының иегері Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына арналған "Жеңіс қаһармандары" халықаралық интернет-байқауының жеңімпаздары анықталды.

Бас жүлдені Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауылынан Тайыр Жароков атындағы ЖОББМ 10-сынып оқушысы Алина Амангелді жеңіп алды.

– Менің ролигімнің кейіпкері Мәншүк Мәметова болды. Мен ол туралы көптеген қызықты нәрселерді білдім. Мұндай байқаулар жиі өткізілгенін қалаймын, өйткені олар бізге батырларымыздың ерліктерін ұмытпауға мүмкіндік береді, – дейді Алина.

"Байқау 17 наурыз бен 17 қараша аралығында екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде өткізілді. Оған 100-ге жуық адам қатысты – бұл ТМД елдерінің 15 пен 24 жас аралығындағы жастары. 80 бейнеролик жіберілді, онда қазақстандық батырлардың тағдыры, олардың жеңіске қосқан үлесі туралы шығармашылық түрде айтылды", – деп хабарлады кітапханада.

Қатысушылардың жұмыстары кітапхананың ресми YouTube-арнасында, арнайы ойнату тізімінде көрсетілген: https://www.youtube.com/channel/UC4hUSaYAAx-1lerXjZyTKKw.

Халық дауыс беру қорытындысы бойынша (лайк саны бойынша) бірінші орын Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы Республикалық "Жас ұлан" мектебінің тәрбиеленушілері Марғұлан Медетақынға, Оразай Аманкелді, Оразғали Орманғали және Бекболат Жолдыбаевқа берілді.

Жеңімпаздар дипломдар мен ынталандыру сыйлықтарын алды. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.

Байқауды Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен "Өшпес ерлік"жобасы аясында ұйымдастырды.