
Қарағанды облысында ТЖД және ведомстволық бағынысты мекемелердің қызметкерлері қысқы кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жоғары дайындық режиміне ауыстырылды. Қар көшкініне бейім 747 шақырым автомобиль жолдары күшейтілген бақылауға алынды. 31 жылыту пункті мен 6 трассалық медициналық-құтқару бекеттерінің жұмысы ұйымдастырылды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов айтып берді.
– Өңірде ұзындығы 747 шақырым болатын 590 қарлы учаске бар. Бұл автожолдар күшейтілген бақылауға алынды, – деді Мұрат Қатпанов.
Адамдарды эвакуациялау және боран мен нашар көріну кезінде уақытша орналастыру үшін жол бойындағы сервистің 355 объектісі тартылатын болады. Бұл 85 жанармай құю бекеті, 160 тамақтану орны, 31 қонақ үй мен кемпинг, 79 байланыс пункті.
– Азаматтарға ауа-райы нашарлаған жағдайда елді мекендерден тыс жерлерге және алыс қашықтықтарға, әсіресе кешкі және түнгі уақытта сапарлар мен жаяу жүруден бас тарту қажет екенін еске салғым келеді, – деп қосты Мұрат Қатпанов. – Ата-аналарға сабақты тоқтату туралы ақпаратты бақылап отыруды ұсынамыз. Жүргізушілер көліктің жарамдылығын мұқият тексеріп, автожолдардың жай-күйі туралы ақпаратты қадағалап отыруы қажет.
Жалпы, Қарағанды облысында қыс мезгілінде ТЖ салдарын жою үшін барлық қажетті техника мен жабдықтар толық дайын. ТЖ Департаменті қысқы жағдайда жұмыс істеуге арналған 76 бірлік жоғары өтімді және инженерлік техника дайындалды.