
Қарағанды машина жасау колледжінің оқытушысы Маргарита Дудник инженерлік сала бойынша республикалық кәсіби шеберлік байқауында жеңіске жетті.

Кәсіптік шеберлік жарысы Өскемен жоғары политехникалық колледжінің базасында өтті. Сайысқа Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Жетісу облыстарынан 14 арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері қатысты.

Олар еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша дайындық деңгейін анықтау үшін «Гоша» макетін механикалық қосу және реанимациялаудың әзірлемесі мен жобалауын, тәжірибелік оқыту элементтерін көрсетті.

– Барлық модульдер белгілі бір өлшемшарттар бойынша бағаланды, бұл оларға өздерінің және қарсыластарының нәтижелерін ашық бақылауға мүмкіндік берді. Байқау қатысушылар үшін өте пайдалы болды, себебі ол тәжірибе алмасу алаңына айналды, өз жұмысына жаңа көзқараспен қарауға, кәсіби қызметке жаңашылдық пен лайфхактар енгізуге мүмкіндік береді, –дейді Маргарита Дудник. – Жеңіске қол жеткізу оңай болған жоқ. Бұл менің ұжымымның мықты дайындығы мен күшті қолдаудың нәтижесі.

Мен «Гошаны» реанимациялау кезінде белгілі бір мәселелерді шешуде қиындықтарға тап болдым. Ол жаттығу кезінде «тірілгісі» келмеді, сол кезде менің еңсем түсіп қалды. Бірақ сынақ уақыты келгенде бәрі ойдағыдай болды.

Маргарита Дудник колледжде 6 жыл жұмыс істейді, арнайы пәндерден сабақ береді. Ұстаздың айтуынша, байқауда қол жеткізген жеңісі оны одан әрі дамуға итермелейді.
