
Шеберлік сабақтары, дәрістер және бос орындар жәрмеңкелері – Қарағанды облысының колледждерінде жұмыс берушілер күні өтті. Өңірдің студенттері мен кәсіпорындарының өкілдері өзара қарым-қатынас орнату үшін ашық алаңда кездесті.

Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде жұмыс берушілер – әлеуметтік әріптестердің студенттермен кездесуі танысу экскурсиясы мен шеберлік сабақтарынан басталды.


Құрылыс саласы мен бизнес өкілдері сәндік бояу мен сылақтың түсті үйлесімін таңдаудағы сән үрдістерін көрсетті, лазерлік гравюрада қазақ кәдесый өнімдерін жасау құпияларымен бөлісті.

Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде жұмыс берушілер күні аясында «Жастар шағын бизнеске» облыстық бизнес-жобалар конкурсы ұйымдастырылды.

Байқауға аймақтың әртүрлі колледждерінен келген студенттердің 17 идеясы ұсынылды. Авторлар кофе дүкенін, сұлулық салондарын, массаж кабинеттерін ашу жобаларын таныстырды.


Сондай-ақ, колледждің әлеуметтік серіктестері студенттер үшін дәрістер оқыды, онда сұранысқа ие мамандықтар, IT-саланың ең өзекті бағыттары туралы айтылды.

Қызыл Жарты Ай қоғамының облыстық филиалының өкілдері болашақ құтқарушыларға техногендік сипаттағы ТЖ кезінде зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуді үйретті.


– Біздің колледж жастарды техникалық бағыттағы 20 мамандық бойынша оқытады және жыл сайын 600–800 маман шығарады. Олардың барлығы еш қиындықсыз жұмысқа орналасуда, өйткені техникалық мамандықтар қазір сұранысқа ие, – дейді Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің директоры Жанар Рахымова. – Колледжде 90-нан астам әлеуметтік серіктес бар. Бұл облыстың ірі кәсіпорындары. Олармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасастық және 120-дан астам шартқа қол қойдық. Бұл пандемиядан кейінгі алғашқы жаппай кәсіптік бағдар беру шарасы. Аталмыш шара студенттер мен жұмыс берушілерге бір-бірін табуға көмектеседі.

Колледждерде Ашық есік күнін өткізудің пайдасын «Қарағандыэнергоремонт» АҚ даму жөніндегі директоры Сергей Глухов та атап өтті.

– Біздің кәсіпорын жылу агрегаттарын, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды жөндеумен, өндірумен айналысады. Бұл әртүрлі экономайзерлер, су шүмектері, қазандықтар. Біз аймақтың көптеген колледждерімен тығыз жұмыс жасаймыз. Студенттер жыл сайын бізде өндірістік практикадан өтеді, сонымен қатар қазір дуальды оқыту енгізілді. Біз практиканттарға өндіріс алаңын ұсынамыз, оларға мамандарды бекітеміз және көмектесеміз, – дейді Сергей Глухов. – Биыл бізде 32 колледж студенті тәжірибеден өтті. Біз өзіміз үшін білікті кадрларды даярлауға мүдделіміз. Көптеген колледждерде жақсы материалдық-техникалық база бар. Бұл теориялық білімді ғана емес, практикалық білімді де алуға мүмкіндік береді.

Колледждерде біржолғы жаппай кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу бастамасы облыстық білім басқармасы мен білім министрлігіне тиесілі.

