
Теміртау қаласының Жастар ресурстық орталығы барлық ниет білдірушілерді Street Workout бойынша тегін шеберлік сабақтарына қатысуға шақырады. Көше гимнастикасының негізгі элементтерін тәжірибелі жаттықтырушылар арнайы жабдықталған жабық залда үйретеді.

Өткен жылы да мұндай жоба жүзеге асырылды. Ол кезде 70 адам, оның ішінде екі қыз бала қатысты.
– Толыққанды жұмыс атқару үшін біз 30-ға жуық жігітті қабылдаймыз. Бірақ егер көбірек келгісі келетіндер болса, біз қатысушыларды топтарға бөлеміз. Жас шектеулері де жоқ. Негізінен, әрине, 18–19 жас аралығындағы жігіттер келеді. Өткен жылы ең жас қатысушы 15 жаста, ал үлкені 30 жаста болды, – дейді жоба жетекшісі Әсемгүл Сакирова.

Оқытушылар арасында Қазақстан Street Workout федерациясының Қарағанды филиалының басшысы Сырым Асанов болады. Ол Қарағанды облысының Street Workout бойынша бас жаттықтырушысы, облыстың бірнеше дүркін чемпионы, 2019 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионатының қатысушысы.
Шеберлік сабақтары 11 қарашада басталады және бір ай бойы өтеді. Бір сабақтың ұзақтығы – 1,5 сағат (18:00-ден 19:30-ға дейін).
Оқу аяқталғаннан кейін конкурс өтеді. Қазылар алқасы спортшылар мен жаңадан келгендердің күші мен төзімділігін бағалайды. Қорытындылар топтар бойынша бөлек шығарылады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ақшалай сыйлықтар күтеді: бірінші орын – 100 мың теңге, екінші орын – 70 мың теңге, үшінші орын – 50 мың теңге.
Шеберлік сабақтарға жазылу +7-775-989-45-43 (WhatsApp) телефоны бойынша жүргізіледі.