Қарағандылықтар "Білім-Инновация" мектеп-лицейі оқушыларының республикалық құрылтайына қатысты

Қарағандылықтар "Білім-Инновация" мектеп-лицейі оқушыларының республикалық құрылтайына қатысты

Қарағандылық оқушылар білім, ғылым, мәдениет және саясат саласының өкілдерімен кездесті. Астанада "Жас көшбасшы – 2022" құрылтайы өтті. Оған Қазақстанның "Білім-Инновация" мектеп-лицейлерінің 40-қа жуық оқушысы қатысты.

Қарағанды облысының атынан № 1 және 2 "Білім-Инновация" мектеп-лицейлерінің оныншы сынып оқушылары Әбілмансұр Мекентай мен Айжан Үндістанова қатысты.

– Республикалық деңгейде өткізілген құрылтай "Білім-Инновация" мектептерінің көшбасшыларын біріктірді. Біз бір-бірімізбен пікір және тәжірибе алмастық. Бұл съез бізге жаңа идеялар берді. Мұндай іс-шаралар жастардың дамуына ықпал етеді деп ойлаймын, – деп есептейді Қарағанды қаласының № 1 "Білім-Инновация" мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Әбілмансұр Мекентай.

Оқушылар үшін сарапшылар шеберлік сыныптарын өткізді. Құрылтайда оқушылардың өздері де сөз сөйледі. Олар авторлық презентациялар дайындады, онда мектептердегі оқу-тәрбие процесін жақсарту бойынша өз ұсыныстарын енгізді. Сондай-ақ, білім министрі Асхат Аймағамбетовпен және "Білім-Инновация" ХҚҚ президенті Дархан Өтемен кездесті.

Құрылтайға қатысушылар Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің жұмысымен де танысты. Олар мәжіліс залында және Мәжіліс кітапханасында болды.

"Оқушылар депутаттарға еңбек нарығы, білім беру, экономика тақырыптарында өз сұрақтарын қойды. Мұндай танымдық экскурсиялар болашақта да жалғасады", – дейді ұйымдастырушылар.