
Зергерлік бұйымдар, фотоальбомдар, канзаши техникасындағы бантиктер, ұлттық нақыштағы көрпелер мен жастықтар – Абай қаласының Мәдениет үйінде қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті.

Оған 10-нан астам талантты қолөнершілер қатысты.

Көрме облыстық "Сарыарқа әуендері" халық шығармашылығы фестивалі аясында ұйымдастырылды.

Келушілер әртүрлі панноларды, картиналарды, ұсақ моншақтан жасалған әшекейлерді, скрапбукинг бұйымдарын, эпоксидті шайыр, ағаштан жасалған бұйымдар, тоқылған балалар ойыншықтарын, интерьер заттарын, бохо жастықтарын және т. б. көре алды.

Қолөнер шебері Оксана Жуковская жеті жыл бойы табиғи тастардан зергерлік бұйымдар жасаумен айналысады. Осы жылдар ішінде ол өзінің стилін дамытып, тұрақты клиенттерге ие болды.

– Өмірімде жақын адамымнан айырылуыма байланысты қиын кезеңді бастан кештім. Мені қайғылы ойлардан алшақтатып, психикалық тепе-теңдікті табуға көмектескен осы хоббиім болды. Менің зергерлік бұйымдарым қазір сұранысқа ие және олар адамдарға ұнайтынына өте қуаныштымын. Өйткені, олар иелеріне жеке дара тұлғалық сипат сыйлайды, – дейді Ольга Жуковская.

Кәкіш Амантай Қоянды бөлімшесінің орта мектебінде еңбек мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол ағаштан ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар, кәдесый бұйымдарын жасайды және жас ұрпаққа осы қолөнерді үйретеді.

– Менің қолданбалы өнерге деген сүйіспеншілігім бала кезімнен басталды. Саздан, пластилиннен әртүрлі фигураларды жиі мүсіндедім, содан кейін ағаш өңдеуге көштім. Қазір ағаш ұстасы қолөнерін еркін меңгердім. Бір затты жасау үшін маған 2–3 күн қажет. Егер бұл көлемді нәрсе болса, онда ұзақ жұмыс істеу керек, – деді Кәкіш Амантай.

Ұйымдастырушылар қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесін жүйелі негізде өткізуге ниетті. Келесі жолы олардың бастамасын одан да көп қолөнершілер қолдайды деп үміттенеді.

