Қарағандыда облыстық патриоттық әндер байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қарағандыда облыстық патриоттық әндер байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қарағандыдағы Кеншілердің мәдениет сарайында "Қыран елім – Қазақстан!" оқушылар арасындағы патриоттық әндер байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Шығармашылық жарысқа облыстың аудандары мен қалаларынан 165 жас әнші қатысты.

Бас жүлдені Теміртау тұрғыны Нұрсая Рзағали (9–12 жас) және Ақтоғай ауданынан Аянат Төлеутай (13–17 жас) алды.

– Байқау екінші рет өткізіліп отыр. Өткен жылы 100-ге жуық қатысушы болды. Биылғы жылы одан да көп. Бізде талантты балалар көп, – дейді КМС директорының орынбасары Саят Әбдіғали.

– Мен он жастамын, Осакаров ауданынан келдім. "Бірлігіміз жарасқан" әнін шырқадым. Мен бес жылдан бері вокалмен айналысамын, мектеп үйірмесіне қатысамын. Бұл менің алғашқы байқауым емес, бұған дейін де қатысып, жүлделі орындарға ие болдым, – деп бөлісті Осакаровка кентінің Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектебінің 5-сынып оқушысы Томирис Әлімбай.

11 жасар Айша Ақеева Шет ауданының Жарық станциясында тұрады, жеті жасынан бастап ән айтумен айналысады.

– Бұл байқауға алғаш рет қатысып, "Туған өлке" әнін шырқадым. Ән туған жерге деген ыстық махаббат туралы баяндайды. Мен оны сондықтан таңдадым. Жетекшім – Салтанат Сәтқалиева, – дейді Айша Ақеева.

Патриот болу – әр адамның парызы, деп есептейді Қарқаралыдан келген қатысушы Аружан Зәрубай.

– Әр адам өз елінің патриоты болуы тиіс. Патриоттық әндер – өз еліңе, туған өлкеңе деген сүйіспеншілік. Байқауға Маржан Арапбаеваның "Тек алға" әнін дайындадым. Маған оның әндері ұнайды, себебі олар мағыналы, – деп атап өтті Қарқаралы № 6 орта мектебінің 6-сынып оқушысы Аружан Зәрубай.

Байқау жеңімпаздары дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Барлық басшылар мен қатысушыларға Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан алғыс хаттар табысталды.