Қарағанды техникалық колледжінің педагогы IT-саладағы өңірлік кәсіби шеберлік байқауында жеңіске жетті

Қарағанды техникалық колледжінің педагогы IT-саладағы өңірлік кәсіби шеберлік байқауында жеңіске жетті

Қарағанды облысында IT-сала бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы өңірлік кәсіптік шеберлік конкурсының қорытындысы шығарылды.

Кәсіби жарыстарға қатысушылардың алдында виртуалды компания үшін сайт пен логотип әзірлеу міндеті тұрды.

Бірінші орынды Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Маргарита Костюченко иеленді. Жас маман колледжде бір жыл жұмыс істейді, бұрын баспаханада жұмыс істеген.

– Байқауда үш модуль орындалды. 7 сағат ішінде компанияның логотипін векторлық форматта әзірлеу, компанияның фирмалық стилін гайдлайн түрінде жасау, сондай-ақ көрсетілген өлшемшарттар бойынша бір беттік сайттың макетін әзірлеу қажет болды, – дейді Маргарита Костюченко. – Жұмыстарды колледждің жетекші мамандары ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік серіктестер-веб-студия мен фотосалондардың дизайнерлері де бағалады.

Екінші орынды "Қазақмыс" Корпорациясы политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Роза Жұматаева жеңіп алды. Оның колледждегі жұмыс өтілі екі жыл. Байқауға қатысу графикалық дизайн бойынша практикалық және теориялық білім деңгейін арттыруға мүмкіндік берді, дейді педагог.

– Қатысуға және жеңуге мүмкіндік бергендеріңіз үшін, жаңа эмоциялар мен шабыт үшін көп рахмет! Біз өз қабілеттерімізді көрсетуге мүмкіндік алдық, бұл өте маңызды, – деп атап өтті Роза Жұматаева.

Үздік үштікті Теміртау жоғары политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Абай Өмірбаев түйіндеді.

Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының дипломдарымен және сертификаттарымен марапатталды. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары Астанада AstanaPolytechnik жоғары колледжінің базасында өтетін республикалық конкурста өңірді таныстырады.