
Қарағанды облысының 130-дан астам педагогы "Жас ұстаз: табысқа апарар жол" өңірлік жас мұғалімдер форумына қатысты. Іс-шара Қарағанды қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында өтті.

Форум педагогтар үшін пікір алмасуға және сұрақтарға жауап алуға болатын пікірталас алаңына айналды.

Қарағанды NIS директоры Равиль Якупов зияткерлік мектептің есігі мұғалімдер үшін әрдайым ашық екенін атап өтті.
– Егер форумнан кейін жұмысты жалғастырғыларыңыз келсе, біз пікір алмасуға және идеялармкн бөлісуге арналған алаң ұсынуға дайынбыз. Мұғалім үшін пікірлес адамдар арасында өмір сүру, даму және жұмыс істеу өте маңызды, – деді ол.

Форумның арнайы қонақтары ретінде белгілі қарағандылықтар сөз сөйледі. "Атом" халықаралық жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіковтың өз өмірі туралы әңгімесі ешкімді бей-жай қалдырмады. Сапалы білім беруден басқа, суретші оқушыларда мейірімділік пен айналасындағыларға қамқорлық сияқты адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеудің маңыздылығы туралы айтты.

Тақырыптық алаңдарда мұғалімдер оқыту мәселелерін талқылады. Жас педагогтарға сабақтың құрылымын зерделеу, функционалдық сауаттылықты арттыру, SAMR технологиясы сияқты маңызды тақырыптар бойынша Педагогикалық шеберлік орталығы мамандарының тренингтері ұсынылды.

Зияткерлік мектептің педагог-психологтарының тренингінде мұғалімдерге эмоционалды интеллекттің маңыздылығы туралы айтылды, оларды эмоцияларды түсіну және басқару тәсілдерімен таныстырды.

Сонымен қатар, мұғалімдер спорттық ойындарға қатысып, фильм түсіріп, оны дыбыстады.
Форум соңында қатысушылар іс-шара туралы өз әсерлерімен бөлісті.

– Форум өте жоғары деңгейде өтті. Көптеген пайдалы ақпарат алдым, – деп атап өтті Үштөбе тірек мектебінің мұғалімі Нұрлан Абдуллин.