
Қарағандыда Ақселеу Сейдімбек атындағы республикалық жас жазушылар әдеби-шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Биыл белгілі қоғам қайраткері, көрнекті этнограф, жазушы, публицист және әдебиеттанушы 80 жасқа толар еді.

Байқау үш санат бойынша өтті: «Жас жазушылар», «Жас публицистер» және «Жас этнографтар». Биыл шығармашылық жарыстар республикалық мәртебеге ие болып, «Жас этнографтар» номинациясымен толықтырылды.

Байқауға қатысушылардың жұмысын қазылар алқасы – белгілі ақындар мен жазушылар Әлібек Асқаров, Ғалым Жайлыбай, Серік Ақсұңқарұлы, Қойлыбай Асан бағалады.

Әдеби-шығармашылық жарыстың Гран-приін Астанадан келген Ғылымнұр Қадірбай жеңіп алды.
– Мен «Жас этнографтар» номинациясына «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» мақаламды жібердім. Биылғы байқау ерекше болды. Біздің жұмысымызды белгілі жазушылар мен ақындардан тұратын қазылар алқасы бағалады, – деп атап өтті Ғылымнұр Қадірбай.

«Жас жазушылар» санатында бірінші орынды Ұлытау облысынан Абай Ораз иеленді.
– Бұл дәстүрлі байқау. Мен оған бірінші рет қатысып отырған жоқпын. Бұған дейін де проза жанрында жеңіске жеткен болатынмын. Екі рет үшінші орын алдым. Биыл қазылар алқасына өзімнің «Түкіргеніңді тый» әңгімемді ұсындым. Менің жұмысым марапатқа ие болғанына қуаныштымын, – дейді Абай Ораз.

Алматылық Ақниет Ералиева үздік «Жас публицист» атанды.
«Жас этнографтар» номинациясында Ұлытау облысынан Мейіржан Мұхамеджанов бірінші орынды иеленді.

Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Шара соңында концерт өтті, онда Ақселеу Сейдімбектің әндері шырқалды.