
Приозерск қаласында 45 отбасы пәтер алды. Кезекте тұрғандарға арналған тұрғын үй "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынды.

Кілттерді қала әкімі Сапар Сатаев табыстап, қоныс тойымен құттықтады.

– Әр отбасына бақыт пен амандық тілеймін. Бұл бәріміз үшін өте қуанышты оқиға, – деді Сапар Сатаев.

Тұрғын үй иелерінің арасында толық емес, көп балалы отбасылар, жетім балалар және азаматтардың басқа да әлеуметтік осал санаттары бар.

Ерлі-зайыпты Гүлім Жолдасбаева мен Ерлан Сүлейменов бұл күнді үш жылдай күткен. 14 жыл ішінде олар тұрғын үйді жалға алып, отбасы табысының көп бөлігін жалға беріп отырдық дейді.
– Біз 2008 жылы үйлендік, содан бері баспана жалдап келдік. Біздің бес баламыз бар, үлкені 14-те, ал кішісі 2 жаста. Баспананы жалға алып тұру оңай емес, өйткені иелері кез-келген уақытта пәтерден шығара салады. Ал балалармен қолайлы пәтер табу қиын, – дейді Ерлан Сүлейменов. – Жұбайым 2019 жылы тұрғын үйге кезекке тұрды. Ол кезде біздің алдымызда жүзден астам адам болған. Содан кейін үкіметтің бастамасымен көпбалалы отбасыларға жеке кезек құрылды, біз бірден 38-ші орынға жылжыдық. Енді міне бірнеше күн бұрын үш бөлмелі пәтердің кілттерін алдық.

