Қарағандыдағы жүгіру: Armanǵa jol – 2022 жартылай марафонына үш мыңнан астам адам қатысты

Қарағандыдағы жүгіру: Armanǵa jol – 2022 жартылай марафонына үш мыңнан астам адам қатысты

Armanǵa jol – 2022 халықаралық спартакиадасына қатысқан үш мыңнан астам адамға күздің бұлыңғыр ауа-райы кедергі болған жоқ.

Қарағандыдағы стартқа Қазақстанның, Ресейдің, Қырғызстанның және Өзбекстанның әр өңірінен кәсіпқойлар мен жүгірумен әуестенетіндер келді.

Жарыс алдында Тәуелсіздік алаңында дене шынықтыру жаттығулары өтті. Бұл күні спорт барлығын біріктірді.

Қарағандының орталық көшелерімен балалар, ересектер, ерекше қажеттіліктері бар адамдар жүгірді.

Жарысқа қатысушылардың ең үлкені 80-нен асқан болса, ең кішісі 8 жаста.

Ұйымдастырушылар әр түрлі деңгейдегі спортшылардың күштерін сынап, мүмкіндіктерін көрсетуі үшін барын салды. Таңдауда төрт қашықтық болды. Негізгісі – Armanǵa jol (21 км). Нәтижесінде ерлер арасында жеңісті Омсктан (Ресей) келген Михаил Куликов иеленсе, әйелдер арасында Қостанай тұрғыны Татьяна Нерознак алғашқы болды.

– Бүгін мықты жүгірушілер, марафон және жартылай марафон жеңімпаздары жиналды. Олардың қатарында былтырғы жартылай марафонның жеңімпазы атанған алматылық болды. Armanǵa jol-дан басқа барлық қашықтыққа жүгіру тегін болды. Біз миллион теңгеден астам қаржы жинадық. Қаражат қайырымдылыққа жұмсалады: 50 % – церебральды сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге, 50 % – білім беру мақсатында, – дейді жартылай марафонның ұйымдастырушысы Руслан Искаков.

Павлодардан арнайы Freedom Team жүгіру клубы келді.

– Бұрын кеншілер қалашығында болмағандықтан, Қарағандыда өтетін марафонға қатысуды жөн көрдік. Біз бүгін 20 адамбыз. Үлкеніміз 43-те, кенжеміз 23-те. Барлық жастағылар жүгіруге қабілетті. Бұл бәрімізді біріктіретін, денені оятып, қажетінше жұмыс істеуге мүмкіндік беретін спорт түрі, – дейді үйірме жетекшісі Болат Ордабаев.

Жарысқа бүкіл отбасы болып келгендер де болды.

– Мен марафондардың тұрақты қатысушысымын. Биыл 14 шақырымдық қашықтыққа қатысамын. Біз бүкіл отбасымызбен келдік. Қыздарым Айжан мен Айнагүл екінші рет жүгіреді. Мен өзім салауатты өмір салтын ұстанамын және оны балаларыма да қалыптастыруға тырысамын, – дейді Жанайдар Зекенов.

Төртінші рет жартылай марафонға 76 жастағы Серік Әбішев қатысты.

– Ұйымдастырушылардың барлығына арналған қашықтықты ойлап тапқаны жақсы болды. Мен "Достық" жарысында жүгіремін.  Жасыма қарамастан, мен жаттығудан бас тартпаймын. Бүкіл отбасым жүгірумен айналысады. Марафондарға балалар да, немерелер де қатысады. Қазақстандықтардың үйде отырмай, спортпен шұғылдануын тілеймін, – дейді Серік Әбішев.

"Балапан" жарысында қыздар арасында 12 жасар Сабина Крышкина жеңімпаз атанды.

– Мен алғаш рет мектеп жарыстарына қатысқан болатынмын, маған ұнады. Сол кезден бастап жүгіре бастадым, көп жаттығамын. Мен бүгінгі жарысқа өте қатты қатысқым келді. Қиын болса да жеңіске жеткеніме қуаныштымын, – дейді Сабина Крышкина.

Жартылай марафон аяқталғаннан кейін барлық жүгірушілер естелік медальдар алды, ал барлық қашықтықтың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Спорттық жарыстардан басқа көрермендер мен жанкүйерлер үшін ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.