Нұралықтарға Республика күніне орай жабық хоккей корттары мен Жастар аллеясы сыйға тартылды

Нұралықтарға Республика күніне орай жабық хоккей корттары мен Жастар аллеясы сыйға тартылды

Нұра ауданында Республика күні қарсаңында екі жабық хоккей корты мен Жастар аллеясы ашылды.

Олардың бірі өз жұмысын Нұра ауылында бастады. Жаңа корт қыста тұрғындарға хоккей, шорт-трек, коньки тебуге, ал жазда шағын футбол ойнауға мүмкіндік береді. Жаңа ғимараттың өткізу қабілеті күніне шамамен 100 адамды құрайды. Оның құрылысы аймақтық және аудандық бюджеттерден қаржыландырылды.

Спорт кешенінің айналасына ағаштар отырғызылды.

Екінші корт Шахтерский ауылының тұрғындарының игілігіне берілді. Оны "Ауыл – Ел бесігі" жобасы бойынша тұрғызды.

Ойын алаңына ені 26, ұзындығы 56 метрге дейінгі жасанды жабын төселген. Трибуналар 80 көрерменге арналған. Ғимаратта киім ауыстыратын бөлмелер мен душ бөлмелері бар.

– Ауыл тұрғындары қыста хоккей, жазда футбол ойнауға болатын бұл нысандарды бағалайтынына сенімдімін. Ересектер мен балалар осындай қолайлы жағдайда спортпен шұғылданады, – деп атап өтті Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.

Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов ауданның дене шынықтыру және спорт бөліміне 10 миллион теңгеге сертификат табыс етті.

Шахтерский ауылының тұрғындары үшін тағы бір маңызды оқиға Жастар аллеясының ашылуы болды.

Оны ауылдастарына "Шахтерское" ЖШС директоры Георгий Прокоп сыйға тартты. Саябақтың жалпы ауданы – бір гектар.

Алаңда субұрқақ, сахна орнатылып, тұрғындардың демалуы үшін орындар жабдықталған. Абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 80 қарағай отырғызылды.

– Республика күні тарихи маңызы бар мереке, – деді Бақытжан Мұқанов. – Аудан тұрғындарын мерекемен құттықтаймын! Хоккей корттары мен Жастар аллеясы – лайықты сыйлық.