Қарағандының Майқұдық шағын ауданында саябақты қайта жаңарту аяқталуда

Қарағандының Майқұдық шағын ауданында саябақты қайта жаңарту аяқталуда

Ротондалы субұрқақ, спорт және ойын алаңдары, велосипед және жүгіру жолдары, жайлы серуендеу аймағы және тағы басқаларын Майқұдық тұрғындары жаңартылған саябақтан көре алады. Сондай-ақ, велосипедпен орындалатын экстремалды трюктер үшін BMX-алаңы жасалып жатыр. Қарағанды қаласының халқы тығыз орналасқан ауданында демалыс орнын қайта жаңарту аяқталуға жақын.

– Жұмыстың негізгі көлемі орындалды, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке "Atlant Building" ЖШС мердігерлік компаниясының өкілі Владимир Нефёдов. – Қазан айының соңында жабдықтарды орнатуды бастаймыз және қараша айының ортасына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Саябақ толығымен дайын болады, келесі жылға ештеңе қалмайды.

Барлығы 14 гектар абаттандырылды. Белсенді демалыс әуесқойлары үшін ұзындығы 2,5 шақырым веложол, 1,2 шақырым жүгіру жолы, воркаут аймағы, футбол және баскетбол алаңдары қарастырылған. Тұрғындар тыныш аймақта серуендеп, табиғаттан ләззат ала алады. Сонымен қатар, иттерді серуендетуге арналған алаң бар.

Саябақта жарықтандыру орнатылды. Мұнда тұрғындар кешкі серуендеуге келе алады.

Жеңіс Қасымбек Әлихан Бөкейхан атындағы ауданындағы абаттандырылған футбол алаңдары мен балалар алаңдарын аралап көрді. Биыл Майқұдық, Пришахтинск және Сұрыптау шағын аудандарында 36 балалар ойын алаңдары орнатылып, жасанды көгалы бар 6 футбол алаңы салынды, 12 аула аумағы абаттандырылды.

Сонымен қатар, облыс әкімі үшінші жылу құбырының құрылысы қалай жүріп жатқанын тексерді.

Бұл жоба облыс орталығындағы жылу қуаты мәселесін шешуге көмектеседі, Оңтүстік-Шығыстағы жаңа ғимараттарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылғы жылы ЖЭО-3 құбырын салу жалғастырылды.

Мердігерлер сорғы станцияларын толығымен салуға уәде беріп отыр. Жоба бойынша олардың саны төртеу.