
Осакаров ауданының Молодежный кентінде спорт кешені ретке келтірілді. 90-шы жылдары салынған ғимарат алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Жеңіс Қасымбек жұмыс сапары барысында нысанда болып қайтты.

Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетовтың айтуынша, құрылыс жұмыстары аяқталды. "Ауыл – Ел бесігі" жобасы бойынша ақша бөлінді.

Мұнда тұрғындар 10-нан астам спорт түрімен айналыса алады.

Қазір іргелес аумақты абаттандыру жалғасуда.
Сондай-ақ, "Ауыл – Ел бесігі" жобасы бойынша Молодежный кентінің мәдени-демалыс орталығының ғимараты жөнделді.
Жеңіс Қасымбек Абай атындағы тірек мектебінде де болды. Мұнда да көптен күткен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылыту жүйесі толығымен ретке келтірілді.

Оқушылар өңір басшысынан оқу орнының аумағында спорт алаңын орнатуды сұрады. Облыс әкімі спорт алаңына және мектеп жанындағы учаскені абаттандыруға қаражат бөлуді тапсырды.
Сонымен қатар, биыл коммуналдық меншіктегі Молодежный кентінің қазандықтарының бірінде жөндеу жұмыстары жүргізілді: бес қазандық, құбырлар мен ысырмалар ауыстырылды. Осакаровкада қосымша қазандықтар орнатылды.

Ауданда автожолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімі Осакаровка – Молодежный учаскесін қайта құрумен танысты. Биыл 16 км жөнделді, тағы 10 км қалды. Оларды келесі жылы аяқтау көзделіп отыр. Осылайша, жалпы ұзындығы 83 шақырым жол толығымен жаңартылады.