
Республика күнін мерекелеу қарсаңында Абай ауданы Дубовка ауылында тоғыз отбасы пәтер алды. Кезекте тұрған көп балалы аналар, жалғызбасты аналар, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Жаңа қоныстанушыдарға пәтер кілттерін Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов табыстады.

– Бүгін отбасыларыңызда үлкен мереке – сіздер баспаналы болдыңыздар. Менің ойымша, бүгінгі оқиға Дубовканың барлық тұрғындары үшін жағымды, өйткені бұл ауылдағы соңғы бос тұрған үй. Үш жыл ішінде біз осындай үш кіреберісті қалпына келтіре алдық. Келе жатқан Республика күнімен және қоныс тойымен құттықтаймын, амандық пен келісім тілеймін! – деп Бауыржан Асанов жаңа қоныстанушыларға тілегін айтты.

Пәтерлер 20 жылдан астам бос тұрған кіреберісте жергілікті бюджет есебінен қалпына келтірілді.

– Менің анам 4 жасымда қайтыс болды, мен әкемді білмедім. Мені атам мен әжем өсірді. Тұрғын үйге кезекте 12 жасымнан бастап тұрдым, қазір мен 18 жастамын. Жөндеуден өткен, пәтер өте ұнады, – деп Дубовка тұрғыны Анна Солдатова қуанышымен бөлісті.

Көпбалалы ана Айгүл Нұрғалиева үш бөлмелі пәтер алды.
– Менің төрт балам бар. Мен көптеген жылдар бойы баспана жалдадым, – дейді Айгүл Нұрғалиева. – Енді өз үйім бар. Пәтер өте жақсы, ашық.
