2020 жылы Қарағандыда қандай жаңа нысандар салынады

2020 жылы Қарағандыда қандай жаңа нысандар салынады

Жеңіс Қасымбек Қарағандыда салынып жатқан әлеуметтік нысандарды тексерді. Бүгінгі күні қалада оқушылар сарайының, үлкен және үстел теннисі орталықтарының, қазақ тілінде оқытатын мектептің құрылысы белсенді қарқынмен жүріп жатыр.

Жоспар бойынша Қарағандыда қыркүйек айына қарай жаңа мектеп ашылуы тиіс. Жаңа 1200 орындық оқу орны Оңтүстік-Шығыстағы 30-шы шағын ауданында салынады. Құрылыс нысанында қазірдің өзінде қабырғалар, шатырлар тұрғызылып, енді сыртқы қасбетті қаптауға және ішкі әрлеу жұмыстарына кірісті.

Жаңа мектепте қазақ тілінде оқытатын болады. Мұнда жақын маңдағы оқу орындарынан оқушылар мен педагогтар көшіріледі. Бұл сыныптардағы балалардың шектен тыс көп болуы мәселесін шешуге көмектеседі.

Биылғы жылы облыста Қарағанды мен Жезқазған қалаларында екі мектеп пайдалануға беріледі. Алдағы жылдары өңірде тағы алты білім ордасы салынбақ.

Жеңіс Қасымбек сондай-ақ Оңтүстік-Шығыстағы жаңа балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылыс алаңында болып қайтты. Бұл ғимарат 2019 жылдың көктемінде тұрғызыла бастады. Сыртқы қабырғалар, бөлме аралық жабындар мен шатырлардың бір бөлігі дайын. Қазір мердігер коммуникация өткізуде.

Оқушылар сарайында үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Цокольдық қабатта спорт залдары, би сыныптары мен йога және гимнастикаға арналған залдар жабдықталады. Жоғарғы қабаттарда робототехникамен, бағдарламалаумен айналысуға арналған кабинеттер орналасатын болады.

- Келесі оқу жылында балалар жаңа ғимаратта айналысуға мүмкіндік алуы керек. Жаздың соңына қарай барлық құрылыс жұмыстарын аяқтау қажет. Кейін қала әкімдігі аумақты абаттандырумен айналысады. Мердігер ретінде сіздердің басты міндеттеріңіз – нысанды 2020-2021 оқу жылының басына дейін қолданысқа беру, - деп тапсырды Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы салынып жатқан үстел және үлкен теннис орталықтарына да барды.

Үстел теннисіне арналған жабық корт «Панель-орталық» шағын ауданында тұрғызылады. Оны осы жылдың күзінде аяқтау жоспарлануда. Мұнда іргетас дайын, жақын арада қабырғалар көтеріледі.

Ал үлкен теннис орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Оны осы жазда пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір мұнда коммуникациялар жүргізілуде. Содан кейін, жылыту жүйесі орнатылып, ғимараттың іші қажетті температураға дейін жылытылған бетте ішкі әрлеу жұмыстары басталады.

Жеңіс Қасымбек барлық нысандардың құрылысын мерзімінде аяқтауды және жұмыс сапасын қадағалауды тапсырды.