Парашютшілер шоуы және театрландырылған қойылым: Шет ауданының Ағадыр кентіне 85 жыл толды

Парашютшілер шоуы және театрландырылған қойылым: Шет ауданының Ағадыр кентіне 85 жыл толды

Ағадыр тұрғындары 15-ші қазанда ауылдың 85 жылдығын атап өтті.

Мерейтойға орай ат жарысы, спорттық жарыстар, елді мекеннің тарихы туралы театрландырылған қойылым, парашютшілердің концерті мен шоуы ұйымдастырылды.

Тұрғындарды Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров, облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов және Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров құттықтады.

– Ағадыр – біздің өңіріміздің экономикасына әсер ететін үлкен локомотив. 1940 жылы оған атау берілді, ал 1983 жылдың қазанында қалалық типтегі ауыл мәртебесі берілді. Биыл ол 85 жылдығын атап өтуде, мен кент тұрғындарын осы күнмен шын жүректен құттықтаймын, – деп атап өтті Ермек Алпысов өз сөзінде. – Өткен жылы елді мекенде алты кентішілік жол жөнделді. Келесі жылы қалған барлық жолдар жөнделіп, жергілікті ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ, Сейфуллин – Өспен – Ағадыр жолының 32 шақырымын орташа жөндеуді аяқтау және алдағы жылдары Ағадыр – Мойынты жолын асфальттау жоспарлануда.

Сонымен қатар, кентте болашақ дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Келесі жылы теміржол үстіндегі жаяу жүргіншілер өткелі мен су қоймасын жобалау басталады, деп қосты Ермек Алпысов.

Николай Миляков бастаған Қарағанды аэроклубының спортшылары тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сегіз парашютші аспанда Қазақстан туын желбіретті. Тұрғындарға арналған шоу-бағдарламаны жергілікті меценат Мұрат Жадаев ұйымдастырды. 

Мерейтой күні аталмыш елді мекенде 45 жыл бойы теміржол саласында қажырлы қызмет атқарған, теміржол саласының үздігі, құрметті теміржолшы Жақсылық Жұматаевқа арналған мемориалдық тақта ашылды. 

Сондай-ақ, кент күніне орай Ағадыр жастары 15 жылдан кейін ашылатын жолдауы бар уақыт капсуласын салды.

Сонымен қатар, бұл күні тоғызқұмалақ, қазақша күрес, армрестлинг және ат жарысы бойынша спорттық жарыстар ұйымдастырылды. 

Кешке іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуімен, спорттық жарыстардың жеңімпаздарын марапаттаумен, мерекелік отшашумен және би кешімен жалғасты.