
Жұмыс сапары барысында Қарағанды облысына Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен келді. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбекпен кездесуде ынтымақтастықты дамыту әлеуеті талқыланды.

Облыста экономиканың түрлі салаларында 67 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Неміс капиталының қатысуымен бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Олардың қатарында Linde Gas Kazakhstan өнеркәсіптік газ өндіру зауыты және Саран мен Ақадырда күн электр станцияларының құрылысы бар.
Жыл сайын бірлескен кәсіпорындардың саны артып келеді. Бұған облыс аумағында Саран қаласында индустриялық аймақ және Қарағандыда "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағын құру ықпал етеді.
– Біз неміс компанияларын тартуға мүдделіміз және олар үшін бірлескен кәсіпорындарды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайынбыз. Өзара ынтымақтастықты одан әрі арттыру үшін зор әлеует бар екеніне сенімдімін, – деді Жеңіс Қасымбек.
Облыс сонымен қатар жоғары білікті мамандарды даярлауға мүдделі. Бұған неміс мамандары көмектесе алады. Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру саласында тығыз ынтымақтастық жолға қойылған. Теміртау жоғары политехникалық колледжінде Evonik Industries AG компаниясымен бірлесіп неміс дуальді оқыту моделі негізінде мамандар даярлаудан өтуде. Колледж оқытушылары мен студенттері 2015 жылдан бастап Дармштадт қаласында орналасқан оқу орталығында тағылымдамадан өтеді.

Моника Иверсен сондай-ақ Қарағанды облысының үлкен экономикалық әлеуетін және неміс компанияларының өңір аумағында бизнесті дамытудың жақсы мүмкіндіктерге ие болатынын атап өтті.
– Биылғы жылы Германия – Қазақстан қатынастарының орнағанына 30 жыл. Бұл 30 жыл табысты және өте тығыз жұмыс атқарылған жылдар болды, әсіресе экономика саласында, – деді Моника Иверсен.