Қарағандыда "Дәстүрге жол – қазақ аналары" республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы ашылды

Қарағандыда "Дәстүрге жол – қазақ аналары" республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы ашылды

Қарағандыда "Дәстүрге жол – қазақ аналары" республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы жұмыс істей бастады. Оның міндеттері – өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен білім беруге үлес қосу, ұлттық дәстүрлерді сіңіру, жас отбасылар мен ата-аналарды қолдау.

Қазақстанда қоғамдық бірлестіктің 18 филиалы жұмыс істейді. Республикалық ұйымның басшысы – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Айнұр Жүгінісова.

– Біздің міндетіміз – жас аналармен жұмыс істеу, оларға отбасылық құндылықтарымыз, дәстүрлеріміз туралы айту. Болашақта мектептермен және балабақшалармен ынтымақтасатын боламыз. Онда әжелерімізбен кездесулер өткіземіз. "Әженің ертегісі" шарасын ұйымдастырып, қолөнер үйірмелерін ашқымыз келеді. Біз сондай-ақ әйелдерді қаржылық сауаттылыққа және т. б. үйретеміз. Қазірдің өзінде 100-ге жуық әжелер мен аналар біздің бірлестікке мүшелікке енді, – дейді "Дәстүрге жол – қазақ аналары" Қарағанды филиалының төрағасы Меруерт Әлімбаева.

Ашылу салтанатында ұлттық бұйымдар мен тағамдардың көрмелері ұйымдастырылып, "Отбасы хрестоматиясы" сериясындағы кітаптардан тұратын экспозиция ұсынылды.

Үш баланың анасы Динара Серікқызы өзінің кондитерлік өнімдерін көрсетті. Оның ермегі табыс көзіне айналған.

– Алдымен мен үйімде, өз жақындарыма тамақ дайындадым, содан кейін көршілерім мен таныстарым тапсырыс бере бастады. Осылайша мен өз ісімді аштым. Бұл бизнесте бір жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Клиенттер көп. Бір жағынан, бұл мен үшін табыс, екінші жағынан ұлттық тағамдарды насихаттау, – дейді Динара.

Ағаш шебері Ақжол Жұртыбай филиалдың ашылуына Қарқаралыдан келді.

– Мен ұлттық ыдыс-аяқ, дастархан, қымыз жиынтығын және басқаларын жасаймын. Айына жиырмаға жуық тапсырысты орындаймын. Бұл қолөнерді атам және ата-анамнан үйрендім. Мен көбіне қайың, терек және тал ағаштарын қолданамын. Алғаш бастаған кезде қиын болды, өйткені мен бәрін қолмен жасадым, енді арнайы машиналар сатып алғалы бәрі әлдеқайда жеңіл және жылдам бола бастады. Өткен жылы облыс және аудан әкімінің гранттарын алдым. Бұл қаражатқа басқа да жетіспейтін жабдықты сатып алдым, – дейді Ақжол.

Сондай-ақ, "Дәстүрге жол – қазақ аналары" филиалының ашылуында ұмытылған дәстүрлер туралы көріністер көрсетілді, аға буын мен балалардың орындауындағы жетіген көне аспабында әндер мен күйлер шырқалды.

"Дәстүрге жол – қазақ аналары" республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды филиалы уақытша Қарағанды қаласы, Степной-1 ш/а, 2/2 ғимарат мекенжайында орналасқан. Байланыс телефоны: +7-702-649-86-77 (Меруерт Әлімбаева).